ҚР Білім және ғылым министрлігі берген тапсырмаға сәйкес барлық жоғары оқу орындары қосымша шығындарға ұшырап жатыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде онлайн өткен брифингте ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды Jana-kezen.kz.
«Жоғары оқу орындарына академиялық және қаржылық дербестік берілген, сондықтан оқу ақысы қанша болатыны туралы мәселені әр институт, әр университет, әр академия өзі шешеді. Қашықтан оқытқанда шығын аз болады деген түсінік бар. Негізінде олай емес, мысалы оқу орнында 5 корпус болса, бесеуі де жабылмайды. Оның коммуналдық шығындары, жұмыс істеп жатқан оқытушылардың шығындары бар», – дейді Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.
Оның айтуынша, қашықтан оқу режиміне көшкенге дейін жоғары оқу орындарында қашықтан оқу жүйелері, технологиялары болмаған.
«Сондықтан олар қазіргі уақытта арнайы шығынданып, арнайы жүйелерді сатып алып жатыр. Интернет күшін кеңейтуде. Біз берген тапсырмаға сәйкес барлық жоғары оқу орындары қосымша шығындарға ұшырап жатыр. Бұл министрлік емес, әр университет өзі шешетін мәселе», – дейді ол.