2020 жылдың желтоқсан айында ветеринарлық және фитосанитарлық қадағалау жөніндегі федералдық қызмет (Россельхознадзор) «Green Capital Kazakhstan», «Green Land Alatau» ЖШС-нің өнімдерінде қызанақ жемістерінің қауіпті вирусы (Tomato brown rugose fruit virus немесе ToBRFV) анықталғандығы және «Greenhouse-Qaztomat» ЖШС-гі өндіретін қызанақты алып келуге шектеу енгізгені туралы хабарлама жіберді.
Осыған байланысты ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті шұғыл түрде ресми тексеру ұйымдастырды, деп хабарлайды Jana-kezen.kz АШМ баспасөз қызметіне cілтеме жасап.
Өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторлар, сондай-ақ «Фитосанитария» РМК, «Фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» РММ және «Республикалық өсімдіктер карантині орталығы» ММ мамандары ПТР-талдау жүргізу мақсатында сынамаларды алу үшін «Greenhouse-Qaztomat» ЖШС-де комиссиялық тексеру жүргізді.
Талдау үшін Ресей Федерациясының «Бүкілресейлік өсімдіктер карантині орталығының» жедел тесттері қолданылды. Ықтимал қателер мен келіспеушіліктерді болдырмау үшін зертханалық талдау әдістері ресейлік ұйымның мамандарымен бірге жасалды. Сараптама қорытындысы бойынша «Greenhouse-Qaztomat» ЖШС өнімдерінде ToBRFV вирустары анықталған жоқ.
Сондай-ақ, объективтілік үшін компания өз бастамасы бойынша өнімнің сынамаларын «Groen Agro Control» тәуелсіз зертханасына (Нидерланды) жіберді. Қосымша зерттеу нәтижелері бойынша жылыжай шаруашылығында вирус анықталған жоқ.
Осындай комиссиялық тексерулер «Green Capital Kazakhstan» және «Green Land Alatau» жылыжай шаруашылықтарында жүргізілді. Ол жерлерде де вирус анықталмады.
Ресми тексерулердің нәтижелері ветеринарлық және фитосанитарлық қадағалау жөніндегі Федералдық қызметке хабарланды.
ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті Россельхознадзордың іс-әрекеті ЕАЭО туралы шарттың талаптарын өрескел бұзады және жасанды кедергі болып табылады деп есептейді. Осыған байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігі Еуразиялық экономикалық комиссияға жүгінуге ниетті.
Сонымен қатар, ҚР АШМ вирустарды анықтау фактілерінің дұрыстығына күмән келтірді. Себебі, Россельхознадзордың Свердлов референттік орталығы 2020 жылғы 11 желтоқсанда «Greenhouse Kazakhstan» ЖШС өнімі қауіпті деп қорытынды берген. Алайда компания 24 желтоқсанда сол партиядан сынамаларды алып, «Бүкілресейлік өсімдіктер карантині орталығы» ФМБМ-нің орталық зертханасында қайта сараптама жүргізуді талап еткеннен кейін, аталмыш өнімнің тазалығын растайтын қорытынды алған.
Қазақстандық қызанақ пен бұрыш өнімдері вирус жұқтырды деген ақпаратқа байланысты ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті еліміздің барлық жылыжай шаруашылықтарына және республика аумағына алып келетін қызанақтарға кешенді тексеру ұйымдастырды.
Зертханалық сынақтардың қорытындысы бойынша жылыжай шаруашылықтарында вирус анықталған жоқ.
Десекте, 16 жағдайда Әзірбайжан Республикасынан алып келген қызанақтарда вирус анықталды. Қауіпті вирус жұқтырған қызанақ тиелген барлық көліктер шекарада ұсталып, жүк экспорттаушы елге қайта қайтарылды.