Әлеуметтік желіде тікелей эфирге шығып, тұрғындармен тілдескен тұңғыш әкім
Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданының әкімі Ділдәбек Оразбаев Instagram парақшасында тікелей эфирге шығып, көпшіліктің сұрағына жауап берді
Әкімнің әлеуметтік желідегі тікелей эфирі екі сағатқа созылды. 500-ден астам адам сауалдарына жауап алды.
Азаматтар аудан басшысына көктемгі егіс науқанының кедергісіз жүруін назарға алуын, сумен қамтамасыз ету, жол жөндеу, қаланы абаттандыру және тағы басқа сұрақтарына тікелей қоя алды.
Сондай-ақ, Аудан басшысына қойылған сұрақтың басым бөлігі коронавирустың таралуына алаңдаушылық танытқан тұрғындардан жолданды.
Аудан әкімі өз кезегінде әр сауалға толыққанды жауап беріп, аймақта індеттің алдын алу жұмыстары уақытылы жүргізіліп жатқандықтан алаңдауға негіз жоқ екенін жеткізді. Тұрғындарды төтенше жағдайдың тәртібіне жауапкершілікпен қарап, сақтық шараларына мұқият болуға шақырды.
«Жаһанды жаулаған пандемияның алдын алу үшін елде енгізілген төтенше жағдай салдарынан азаматтарды күнделікті қабылдау қабылдау мүмкін болмай тұр. Сондықтан, әлеуметтік желідегі тікелей эфир арқылы тұрғындарды толғандырған сұрақтарға жауап берудің тамаша мүмкіндігі. Осындай онлайн-кездесулер карантиндік шектеулердің қолданылу мерзімінің соңына дейін жалғасады», – деді Ділдәбек Оразбаев.