SocialБасты

Тараз-Шымкент-Қызылорда автожолының бойында қонақ үй мен дәмханаларға сұраныс артады

Тараз, Шымкент және Қызылорда қалалары арасында жүргізушілер мен жолаушылар демалатын 46 алаң бар. Олардың 12-іне жеке кәсібін ашуға ниетті кәсіпкерлерден өтінімдер келіп түсті. Ал қалған 34-і жол бойынан шағын бизнес ашқысы келетін әлеуетті инвесторлар үшін дайын, деп хабарлады «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясының өкілдері Шымкент қаласында өткен қоғамдық тыңдау барысында.

Үшінші мегаполисте Тараз-Шымкент және Шымкент-Қызылорда жол учаскелеріне ақылы жүйені енгізу мәселелері бойынша қоғамдық тыңдау өтті. Бұған дейін мұндай тыңдаулар Жамбыл және Түркістан облыстарының Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Түлкібас және Сайрам аудандарының тұрғындарымен болған кездесулерде талқыланған еді.

Жиындарда жергілікті тұрғындар жабдықталмаған дәретханаларды, ақылы автожолдардағы сервисті дамыту мәселелерін көтергендіктен «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ өкілдері Тараз-Шымкент және Шымкент-Қызылорда учаскелері «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» трансқұрлықтық көлік дәлізінің бөлігі және үлкен транзиттік әлеуетке ие екенін атап өтті. Жақын арада мұнда көлік ағыны бірнеше есе артады. Тиісінше жанар-жағармай құю бекеттеріне, қонақ үй, дәмханалар, техникалық қызмет көрсету стансаларына сұраныс артады.

Сондықтан «ҚазАвтоЖол» қазірдің өзінде ақылы жолдардың сервисін дамыту үшін жағдай жасауда және қолжетімді шарттармен жол бойындағы қызмет көрсету және сауда саласында бизнес бастағысы келетін кәсіпкерлерді ынтымақтастыққа шақырады.

Қазір Тараз-Шымкент автожолы учаскесінде саяхатшылардың 12 демалыс алаңы орналасқан. Олардың біреуіне әлеуетті инвестор өтінім берді. Шымкент-Қызылорда учаскесінде 34 алаң орналасқан, олардың 11-і бойынша кәсіпкерлермен «жауапты сақтау» бойынша шарттар жасалған. Қалған бос алаңдарға әзірге өтінім түскен жоқ. Дегенмен, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы әлеуетті инвесторларға өте ыңғайлы жағдайлар ұсынуда.

Ұлттық компания демалыс алаңдарын кәсіпкерлерге «жауапты сақтауға» беру тетігін әзірледі және іске қосты. Тек міндетті екі шарт бар: инвестор демалыс алаңының аумағындағы тазалықты қадағалауы тиіс; кәсіпкер орнататын павильондар модульді (демалыс алаңдарында күрделі құрылыстар салуға тыйым салынады) және құрамында санитарлық-гигиеналық торап (жылы дәретхана) болуы тиіс. Сонымен қатар, «ҚазАвтоЖол» тарапынан электр қуатын жеткізу, септик орнату қарастырылған. Бұдан бөлек, демалыс алаңын жөндеу, қар тазалау және қоқыс шығару сияқты жұмыстарды да өздері атқарады.

Шағын бизнесті қолдау үшін алаңдар кәсіпкерлерге тегін негізде жауапты сақтауға беріледі. Айта кетейік, алаңдарды жергілікті кәсіпкерлердің пайдалануына басымдық беріледі.

Жауапты сақтау алаңын алу үшін әлеуетті инвестор «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ www.qaj.kz сайты арқылы қажет «жол бойындағы сервис» бөліміне кіріп, нысандар санатын таңдап, өтінім қалдыру керек.

Осындай механизм бойынша жайлы санитарлық торабы бар сервистің бірінші павильоны «Алматы – Қорғас» ақылы автомобиль учаскесінің 126 км демалыс алаңында орнатылды. «ҚазаАвтоЖол» YouTube-арнасында «Жол бойындағы қызмет көрсету саласында қалай ақша табуға болады?» деген атаумен бірінші инвестор өз тәжірибесі туралы айтып берді.

Сондай-ақ, ұлттық компания ірі желілік автожанармай құю станцияларымен келісімге қол қойды, олар республикалық жолдардың барлық желісі бойынша 2024-жылдың соңына дейін жанар-жағармай құю, техникалық қызмет көрсету стансаларын, дәмханалар, дүкендер, қонақ үйлер, жылы дәретханалар мен душтары бар жол бойындағы 134 заманауи кешен салады.

Осы келісімдер аясында Тараз-Шымкент учаскесінде 4, Шымкент-Қызылорда учаскесінде – 8, Шымкент-Ташкент учаскесінде – 3 жол бойындағы кешен салынады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button