«Зейнетақы активтері 1 ақпандағы жағдай бойынша жыл басынан бастап 213,9 млрд теңгеге немесе 1,7 пайызға ұлғайып, 13,1 трлн теңге болды. Биылғы жылдың басынан бастап есептелген инвестициялық кіріс мөлшері 178,5 млрд теңгені, зейнетақы жарналарының көлемі 88,8 млрд теңгені құрады», – деді ҰБ төрағасы.
Оның атап өтуінше, 2021 жылғы қаңтарда инфляция 0,6 пайыз болған кезде 1,4 пайыз мөлшеріндегі кірістілік қамтамасыз етілді.
Соңғы 12 айда зейнетақы активтерінің кірістілігі инфляция деңгейі 7,4 пайыз болған кезде 12,1 пайызды құрады.
«Нақты кірістілік инвестициялық қызмет, сондай-ақ валюта портфелін нарықтық және бағамдық қайта бағалау нәтижесінде қамтамасыз етілді. Оның үлесі елдер мен эмитенттер бойынша инвестициялар географиясын кеңейту, портфельдің сапасы мен өтімділігін арттыру үшін кезең-кезеңімен ұлғайтылып, 30 пайыз деңгейінде сақталуда. Қаражатты мерзімінен бұрын алу бойынша салымшылар алдындағы міндеттемелерді уақтылы орындау мақсатында Ұлттық Банк зейнетақы активтері портфелінің ағымдағы өтімділігін қолдауда. Оның деңгейі биылғы жылғы 1 ақпанда 446,8 млрд теңге болды», – деді Ерболат Досаев.