Абай шығармалары хинди тіліне аударылды
Қазақ ғалымы, философ, жазушы, ақын және гуманист Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуына орай Үндістанның мәдени қатынастар жөніндегі кеңесі (ICCR) автордың әйгілі «Қара сөздер кітабын» хинди тіліне аударды, деп хабарлады Үндістанның Қазақстандағы елшілігі.
«Шабд Манжуша» немесе «Сөздердің қазынасы» деп аталатын кітапта Абайдың 40 өлеңі және 45 қара сөзі бар. Мұқабаның алғашқы бетінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алғысөзі мен Үндістанның Қазақстандағы елшісі Прабхат Кумар мырзаның кіріспе сөзі енген.
Кітапты ICCR бас директоры Динеш К. Патнаик мырза, Қазақстанның Үндістандағы елшісі Ерлан Алимбаев, Үндістанның Қазақстандағы елшісі Прабхат Кумар және бірқатар Қазақстандағы үнді қауымдастығының мүшесінің қатысуымен өткен онлайн іс-шарада таныстырды.
Қазақстан мәдениеті мен әдебиетіне үлес қосқан біртуар тұлғаны еске ала отырып, Патнаик мырза Абайдың өлеңдері мен «Қара сөздер кітабы» тек Қазақстанның ғана емес, бүкіл адамзаттың рухани мұрасы екенін айтты.
Ерлан Алимбаев ICCR мен Үндістанның Қазақстандағы елшілігіне Абайдың қара сөздерінің хинди тіліндегі аудармасын шығарғаны үшін алғыс айтты.
Прабхат Кумар мырза Үндістан астанасы Нью-Делидегі көрнекті көшелердің біріне Абайдың есімі берілгенін атап өтті.
Қалған қатысушылар Абайдың әдебиетке, өнерге және мәдениеттің әр түрлі салаларына қосқан үлесі туралы пікірлерін ортаға салды.