Бүгін “Nur Otan” партиясының Нұр-Сұлтан қалалық филиалында белсенді азаматтарды партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алғыс хатымен марапаттау рәсімі өтті. Жиынды “Nur Otan” партиясы елордалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Дәулет Кәрібек ашты. Ол белсенді азаматтардың ерен еңбегіне алғыс айтып, алдағы уақытта да еліміз үшін бірлесе еңбек етуге шақырды.
«Жыл басында елімізде маңызды сайлау өтті. Парламент Мәжілісі мен жергілікті мәслихат құрамына жаңа азаматтар келді. Сайлау нәтижесінде халықтың басым бөлігі «Nur Otan» партиясына қолдау білдірді. «Nur Otan» партиясы сайлау қорытындысы бойынша жалпы 71,09% жинап, айқын басымдықпен жеңіске жетті. Үлкен жеңісте Сіздердің де қосқан үлестеріңіз мол. Қалалық штаб құрамында ең маңызды қызметті абыроймен алып шықтыңыздар. Міне, осы еңбектеріңіз үшін Тұңғыш президентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Алғыс хаты табысталып жатыр. Баршаңызды бұл марапатпен шын жүректен құттықтаймын! Алдағы бесжылдықта алға қойылған жоспар бойынша аянбай еңбек етеміз деген сенімдемін», – деді Д.Кәрібек.
Шара соңында марапатталған белсенділер Елбасыға өз алғыстарын айтты.
«Еліміздің одан әрі өсіп-өркендеуіне, «Nur Otan» партиясының бағдарламасын жүзеге асыруға барынша атсалысатын боламыз», – дейді олар.
Аталмыш іс-шара жоғары деңгейде өтті.
Айта кетейік, іс-шара барысында пандемияға байланысты сақтық шаралары толықтай сақталды. Қатысушылардың барлығында медициналық бетперде мен қолғап болды.