Басты

Суармалы жерлерде суды ұтымды және үнемді пайдалану маңызды міндеттердің бірі – С. Омаров

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында су ресурстарын пайдалану мәселесі қаралды. Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров баяндама жасады, деп хабарлайды Jana-kezen.kz Премьер-Министрдің ресми сайтына сілтеме жасап.

Ағымдағы жылғы вегетациялық кезең оңай болған жоқ деп мәлім етті ауыл шаруашылығы министрі. Оның айтуынша, бұған оңтүстік облыстардағы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің су тапшылығына қатысты көптеген өтініштері дәлел бола алады.

Үкімет қабылдаған шаралар және әкімдіктердің үйлесімді жұмысының арқасында егін жинау айтарлықтай шығынсыз өтті.

Сапархан Омаров атап өткендей,  суармалы жерлерде суаратын суды ұтымды және үнемді пайдалану маңызды міндеттердің бірі болып отыр.

«Әкімдіктердің деректеріне сәйкес 2020 жылы суармалы жерлердегі егіс алаңы 1,4 млн га құрады. 1,1 млн астам га немесе 79% ауыл шаруашылығы дақылдарын жер бетімен суару тәсілімен суарылады. 104 мың га негізінен күріш алқаптары жаппай су жаю әдісімен суарылады, ал егіс алаңының 200 мың га немесе 13,5%-ына ғана заманауи тамшылатып немесе жаңбырлатып суару әдісі пайдаланылады», — деді ауыл шаруашылығы министрі.

Павлодар, Қарағанды, Ақмола облыстарында ылғал үнемдеу технологияларын пайдалану пайызы жоғары екенін атап өту керек. Мұны экология министрлігінің солтүстік өңірлерде суармалы егіншілікті дамыту әлеуеті туралы тезисі растайды.

Сапархан Омаров суармалы жерлердегі егіс алаңдарының құрылымына да тоқталды.

Статистика деректері бойынша майлы дақылдар, азықтық дақылдар, көкөніс-бақша дақылдары, мақта, картоп, күріш, қант қызылшасы өсіріледі.  Суармалы жерлердегі негізгі үлес бидай мен арпа сияқты тәлімі дақылдарға, сондай-ақ мақта мен күріш сияқты монодақылдарға тиесілі.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен облыс әкімдіктерінің арасында жасалған меморандумдар шеңберінде суды көп қажет ететін дақылдар мен монодақылдардың үлесін азайту, сондай-ақ рентабельділігі жоғары балама дақылдардың (көкөніс-бақша, азықтық, майлы дақылдар) алаңдарын ұлғайту арқылы ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алаңдарын әртараптандыру жұмыстары жүргізілуде.

Министр хабарлағандай, ағымдағы жылы мақта өсіру алаңы 126 мың га құрады, бұл 2017 жылғы деңгейден 8,6 мың га аз.

Күріш алаңы бойынша болмашы төмендеу байқалады, 2017 жылмен салыстырғанда бар болғаны 700 га азайды.

Оның айтуынша, меморандумдардың көрсеткіштеріне қол жеткізілмеудің негізгі себебі меморандумның ұсынымдық сипатқа ие екендігінде, мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарына жатпайтындығында.

Осы мәселені реттеу үшін министрлік салалық «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» Заңға уәкілетті және жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алаңдары құрылымын әртараптандыру мәселесі бойынша келісім (меморандум) жасасу нормасын енгізу бөлігінде өзгерістер енгізді. Сондай-ақ Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасына сұранысқа ие ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алаңдары бойынша индикативті көрсеткіштер енгізілді. Бұл облыс әкімдіктерінің меморандумдар көрсеткіштеріне қол жеткізу бойынша жауапкершіліктерін арттыруға мүмкіндік береді.

Омаровтың айтуынша, ауыл шаруашылығы өндірушілері тарапынан әртараптандырудың төмен қарқынының негізгі себептері мыналар:

  • дақылдардың «әлеуметтік» құрамдас бөлігі;
  • басқа дақылдарда құзыреттің және жолға қойылған өткізу нарықтарының  болмауы;
  • топырақтың сортаңдануы;
  • машиналардың қолданыстағы жүйесі және жаңа құралдар мен басқа дақылдарды сатып алу қажеттілігі;
  • су құнының төмен болуы су үнемдеу технологияларын сатып алуды ынталандырмайды.

Ауыл шаруашылығы саласының басшысы түсіндіргендей, егіс алаңдарын әртараптандыру жұмыстарын министрлік тұрақты негізде үйлестіретін болады, сондықтан әкімдіктер осы бағыттағы жұмысты жандандыруы қажет.

Бұл ретте, Қызылорда облысында күріш алаңын қысқарту жөніндегі көрсеткіш орындалмағанын атап өткен жөн. Мәселен, меморандумға сәйкес Қызылорда облысында 2020 жылы күріштің егіс алаңы 75 мың га құрауы тиіс еді. Алайда 2020 жылы нақты егіс алаңы 89 мың га құрады. Яғни индикативтік көрсеткіштердің жыл сайынғы артуы 14 мың га асады.

Осыған ұқсас жағдай Алматы мен Түркістан облыстарында да орын алуда, оларда жыл сайынғы көрсеткіштен артығы тиісінше 500 га және 2,3 мың га құрайды.

Сондай-ақ Түркістан облысында да мақта алаңдарын қысқарту бойынша көрсеткіш орындалмаған. Мәселен, биыл мақтаның нақты көлемі меморандумда көзделген алаңнан 16 мың га артық болды.

Бұдан басқа, Қызылорда және Түркістан облыстарында бидай алаңын қысқарту бойынша көрсеткіш орындалмаған. Ағымдағы жылы Қызылорда облысында бидай егілетін алаң меморандумда көзделген алаңнан екі есе асып түсті.

Түркістан облысы бойынша да осыған ұқсас жағдай орын алуда, онда жыл сайын нақты алаң меморандумның индикативті көрсеткіштерінен асады. Мұнда бидай алқабы 11 мың га-ға төмендеген Алматы облысының үлгісі көрсетілген, осылайша меморандум көрсеткіштері орындалды.

Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерін заманауи ылғал үнемдеу технологияларын қолдануға көшуге ынталандыру мақсатында министрлік жабдықтар сатып алуға, сондай-ақ барлық қажетті инфрақұрылымды жүргізуге жұмсалған шығындардың 50%-ын өтеуді көздейтін инвестициялық субсидиялау түріндегі мемлекеттік қолдауды жүзеге асырады.

Фермерлерді оқыту және білім тарату жүзеге асырылуда, оның ішінде американдық Валмонт компаниясымен бірлесіп құрған демонстрациялық фермалар желісі арқылы да жүргізілуде.

Министр жаңа су ресурстарын басқарудың 2030 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасының жобасында су үнемдеу технологиялары қолданылатын алаңды 750 мың га дейін жеткізу жөніндегі индикатор көзделгенін атап өтті.

Суарудың су үнемдеу технологияларын толық көлемде енгізу су шығынын азайтып, өнімділікті арттыра отырып, суармалы жерлерді ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді.

Суармалы жерлер алаңын 2030 жылға дейін біртіндеп 3 млн га дейін жеткізу міндеті шеңберінде ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі егіс алқаптарының болжамды құрылымын әзірледі. Бұл құрылым облыстар әкімдіктеріне іске асыру үшін жолданды.

«Ауыл шаруашылығы дақылдары егісінің болжамды құрылымында күріш сияқты суды көп қажет ететін дақылдар үлесінің 75 мың га дейін және мақта дақылдары үлесінің 100 мың га дейін азаюы күтілуде. Сондай-ақ, 2030 жылы егіс құрылымында масақты дәнді дақылдарды 50 мың га дейін азайту жоспарлануда, бұл ретте солтүстік өңірде дәнді дақылдарды азықтық ауыспалы егісте суару көзделген», — деді Омаров.

Оның айтуынша, суармалы жерлердің көрсетілген алаңын дұрыс пайдалану Мемлекет басшысы алға қойған жоғары рентабельді дақылдар өндірісіне көшу, импортты алмастыру және суармалы жерлер алаңын 2030 жылға дейін біртіндеп 3 млн га дейін жеткізу міндеттерін орындауға мүмкіндік береді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button