EcoБасты

Теміртау төңірегінде «Жасыл белдеу» құрылады

ҚР экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ерлан Нысанбаев қала айналасында «жасыл белдеу» құру мәселесі бойынша жұмыс сапарымен Теміртауда болды.

Аталған шараны талқылау бойынша Теміртау қаласының әкімі, жергілікті атқарушы органдар, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ, Қазақ ғылыми-зерттеу институты, «Казгипролесхоз-KZ» жобалау институты және басқа да мүдделі ведомстволар өкілдерінің қатысуымен кеңес өтті.

«Теміртау қаласында қалыптасқан экологиялық жағдай жедел шаралар қабылдауды талап етеді. Биылғы жылы жаңа Экологиялық кодекс қабылданды, сондай-ақ өткен жылы өңірдегі экологиялық ахуалды жақсарту жөніндегі Жол картасы бекітілді. Бұл іс-шаралардың барлығы осы бағытта тиімді көрсеткіштерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Теміртау айналасында «жасыл белдеу» құру да пәрменді шара болатынына сенімдімін», – деді Ерлан Нысанбаев өз сөзінде.

Оның айтуынша, Экология министрлігінің «жасыл белдеу» құру тәжірибесі бар. 1997 жылдан бастап елорданың айналасында «жасыл белдеу» жобасы жүзеге асырылуда. 1997-2021 жылдар кезеңінде ағаш отырғызудың жалпы ауданы 87 мың га құрады.

«Нұр-Сұлтан қаласының жасыл аймағын құру кезінде жинақталған тәжірибе Теміртау айналасында «жасыл белдеу» құру кезінде де қолданылады», – деп атап өтті вице-министр.

Талқылау барысында Қазақ орман шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты мен «Казгипролесхоз-KZ» жобалау институтының басшылары жасыл алқапты қалыптастырудағы өз тәжірибелерімен бөлісті, олар «жасыл белдеуді» құру көп уақыт пен қаржылық шығындарды талап ететінін түсіндірді.

«Ағаш отырғызу және олардың жерсінуі үшін топырақ талдауын жүргізу қажет. Содан кейін жер жыртуды бастауға болады. Бұл жұмыстар екі жылдан астам уақытты алады. Сонда ғана ағаш отырғызуға кірісуге болады», – деп атап өтті сарапшылар.

«АрселорМиттал Теміртау» компаниясының басшылығы өз кезегінде жобаны қолдауға және «жасыл аймақта» 500 мың ағаш отырғызуға дайын екендіктерін білдірді.

Вице-министр жиын қорытындысы бойынша әкімдік «АрселорМитал Теміртау» АҚ-мен бірлесіп қаланың айналасында «жасыл аймақ» құру, сондай-ақ, Теміртаудың өзін көгалдандыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеу қажеттігін атап өтті.

Басқа жаңалықтар

Back to top button