SocialБасты

Сәтбаевта кәсіпкерлер қала әкімінің гранттарын алды

Сатбаевта тоғыз кәсіпкер өз ісін ашуға және дамытуға қала әкімінің грантына ие болды. Гранттық жобаның негізгі мақсаты – өз бизнес-жобасын жүзеге асыруды және өз ісін ашуды армандайтын жас кәсіпкерлерді анықтау және қолдау болып табылады, деп хабарлайды Jana-kezen.kz.

Биыл жастар арасында әлеуметтік маңызы бар жобаларды қолдауға және іске асыруға 6 млн теңге бөлінді. Гранттарды табыс ету рәсімін қала әкімі Асқар Ыдырысов өткізді.

Клинингтік қызмет көрсететін Михаил Мумлев пен арт-студиясын жайластырмақшы болған жас кәсіпкер Айдана Әшенова 300 мың теңгеден алды.

500 мың теңгелік гранттар білім беру орталығын ашуды көздеп отырған Дінмұхамедали Нарбаевқа және білім беру-түзету орталығын іске қосқалы отырған Шырынқүл Кәрібозоваға берілді.

Дәулет Сейітпековке дизайн студиясын ашу үшін 600 мың теңгеге грант берілді.

Ал жас кәсіпкер Нұржігіт Ержан алған 800 мың теңгені металл есіктер мен терезелер шығаратын цехты абаттандыруға жұмсамақшы.

Үш адам миллион теңге грантқа ие болды. Абылайхан Дәулетбаев қайталама шикізатты жинау және қайта өңдеу бойынша қызмет көрсетпекші, Арулан Құрманалиев спорт клубын ашқысы келеді, ал Бексұлтан Бәкір кілемдер мен алашаларды химиялық тазартумен айналысуды жоспарлап отыр.

Сондай-ақ, қала әкімінің қолынан үздік бизнес-жобалардың авторлары – Тоқтар Әкімбаев пен Тимур Коробейников Қарағанды облысы әкімінің миллион теңгеге сертификаттарын алды.

– Өткен жылы өз ісін жаңадан бастаған алты кәсіпкер гранттардың бақытты иегерлері атанған болатын, ал бүгінде бұл қаражатты стартаптары үшін тоғыз адам алады. 32 өтінім берілді, олардың ішінен үздік жобалар іріктелді. Бұл мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асырудағы маңызды іс-шаралардың бірі. Біздің қаламыздың жастары қала мен аймақ экономикасының дамуына өз үлестерін қосуға дайын екендігі қуантады, осылайша жастарымызды мақтан тұтуға барлық негіз бар, – деп атап өтті Асқар Ыдырысов.

Басқа жаңалықтар

Back to top button