Соңғы үш жылда 780-нен астам жаңа компания халықаралық нарыққа шықты

Соңғы жылдары Қазақстан шикізаттық емес секторды дамыту және шикізат экспортына тәуелділікті азайту бағытында белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Бұл бағыттағы жұмыс өз нәтижесін беріп, нақты көрсеткіштермен дәлелденуде. 2024 жылдың қорытындысы бойынша еліміздің шикізаттық емес экспорты 40,6 миллиард АҚШ долларына жетіп, жоспарланған 37,7 миллиард долларлық межеден асып түсті. Оның ішінде 28,8 миллиард доллар — тауарлар экспорты, ал 11,8 миллиард доллар — қызметтер экспорты, деп хабарлайды ҚР Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметі.
Экспортты дамыту жөніндегі бірыңғай оператор — «QazTrade» компаниясының мәліметінше, оң динамикаға қарамастан, шикізаттық емес тауарлар экспортын одан әрі ұлғайту үшін мемлекет тарапынан жүйелі қаржылық қолдау қажет. Бұл қадам бизнес көлемін арттыруға, жаңа нарыққа шығуға және қосылған құны жоғары өнімдердің үлесін көбейтуге мүмкіндік береді.
«Қазақстан экспортының аясын кеңейту мен құрылымын әртараптандыру — еліміздің жаһандық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттырудың маңызды факторы. Еліміз шетелге тек шикізат емес, дайын өнімдерді, цифрлық шешімдер мен қызметтерді де көбірек экспорттауға ұмтылуда. Қазіргі таңда негізгі жұмыс мына бағыттар бойынша жүргізілуде: машина жасау, құрылыс материалдары мен химия өнеркәсібін қоса қамтитын өндіріс саласы; ет, астық және майлы дақылдарды қайта өңдеуге басымдық берілген ауыл шаруашылығы; ақпараттық технологиялар, бағдарламалық қамтамасыз ету, аутсорсинг және финтех; сондай-ақ көлік пен логистика, оның ішінде негізгі бағыттар, порттар мен темір жолдарды дамыту. Сонымен қатар, өткізу нарықтарын кеңейту және жаңа сауда серіктестерін табу бағытында да жұмыстар жүргізілуде», — деп хабарлады ҚР СИМ.
2021 жылдан бері 14 мемлекетте 40-тан астам іскерлік іс-шара өткізіліп, 2 500-ден астам B2B форматындағы кездесу ұйымдастырылды. Бұл қазақстандық экспорттаушылар мен шетелдік әріптестер арасында тікелей іскерлік байланыстар орнатуға, жаңа нарықтарға шығуға және тиімді келісімшарттар жасауға жол ашты. Тек 2024 жылдың өзінде ғана экспорттық келісімшарттардың көлемі 1,3 миллиард доллардан асты. Соңғы үш жылда 780-нен астам жаңа компания халықаралық нарыққа шықты. 2025 жылға қарай олардың саны 1 000-нан асады деп күтілуде.
Дайын өнім мен қызметтер экспортын дамыту — экономикалық саясаттың басты басымдықтарының бірі. Мемлекеттік қолдау қазақстандық кәсіпкерлердің сыртқы нарықтарға сенімді шығуына, бәсекеге қабілеттілігін арттыруына және ұлттық экономиканың өсіміне серпін беретін тұрақты экспорттық бағыт қалыптастыруына мүмкіндік береді.