SocialБасты

Қазақстанның жылу жүйесі: жөндеу ме, әлде жаңғырту ма?

Қазақстандағы жылу жүйесінің жағдайы жыл өткен сайын күрделене түсуде. Қазіргі таңда инфрақұрылымның тозу деңгейі 53%-дан асып, кей объектілерде 90%-ға жетті. Бұл өз кезегінде апатты жағдайлардың көбеюіне, жылу шығындарының артуына және тарифтердің тұрақты түрде қымбаттауына алып келуде.

Өкінішке орай, тарифтерді көтеру арқылы мәселені шешуге бағытталған бұған дейінгі әрекеттер айтарлықтай нәтиже берген жоқ. Оның басты себебі – қолданыстағы желілердің тозуы жалғасып, экономика мен тұтынушыларға түсетін жүктеменің артуы.

Түйткілдің түйіні қайда жатыр?

Негізгі себептер:

– Урбанизация қарқыны – ескі желілерге түсетін жүктеменің артуы.

– Басқару қателіктері – заманауи есепке алу жүйелері мен энергия үнемдеу технологияларының жетіспеуі.

– Қаржы жүйесінің ашық еместігі – жемқорлық схемалары және қаржының мақсатсыз жұмсалуы.

Қосымша факторлар: құрылыс сапасының төмендігі, жобалау барысында бақылаудың әлсіздігі, сондай-ақ халықтың энергия үнемдеу әдістері туралы жеткіліксіз хабардар болуы.

Жаһанға назар салсақ: Әлем елдері бұл мәселені қалай шешуде?

Тозған инфрақұрылым – көптеген елдер үшін өзекті мәселе. АҚШ, Канада, Жапония, Оңтүстік Корея, Австралия сияқты дамыған мемлекеттер де осы түйткілмен бетпе-бет келуде. Негізгі себептер ұқсас:

  • Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін инфрақұрылымның жаппай қарқынды дамуы;
  • Жаңғыртуға бағытталған инвестиция көлемінің жеткіліксіздігі;
  • Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында білікті мамандардың тапшылығы.

Аталған елдер желілерді жаңарту үшін келесі тетіктерді пайдаланады:

  • Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік (МЖС) – жеке инвесторларды тарту (АҚШ, Канада);
  • Интеллектуалды есепке алу және басқару жүйелері (Оңтүстік Корея, Жапония);
  • Гранттық қолдау және салықтық жеңілдіктер (Австралия);
  • Коммуналдық компаниялардың табысын қайта инвестициялау – міндетті түрде инфрақұрылымды жаңғыртуға бағыттау (АҚШ).

Қазақстан бұл мәселені қалай шешпек?

Еліміз 2025-2029 жылдарға арналған ұлттық жаңғырту жобасы аясында бірқатар маңызды шараларды жүзеге асыруды көздеп отыр. Жобаның негізгі бағыттары мыналарды қамтиды:

  • Жылумен жабдықтау жүйесін басқаруды цифрландыру және автоматтандырылған мониторинг енгізу;
  • Энергия тиімділігін арттыру бағдарламаларын іске асыру;
  • «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ мен ЕДБ арқылы жаңа қаржыландыру механизмдерін енгізу.

Инфрақұрылымды жаңғырту қалай қаржыландырылады?

  • Табиғи монополия субъектілерінің меншікті қаражатынан;
  • ЕДБ, Қазақстанның Даму Банкі (ҚДБ) және халықаралық қаржы институттарының несиелері;
  • Пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау (мемлекеттік бюджет есебінен 10%-дан асатын мөлшерлемелерді жабу);
  • Тарифтердің кезең-кезеңімен өсуі – инвестицияны өтеу мақсатында;
  • Қаржыландырудың ашықтығын қамтамасыз ету үшін цифрлық теңгені пайдалану.

Жаңғыртудан күтілетін нәтижелер

  • 1622 км жылу желісін жаңарту – ауыстыру және реконструкциялау;
  • Жаңа энергия нысандарын іске қосу;
  • Мониторинг және бақылау технологияларын енгізу;
  • Жеке инвестиция тарту;
  • Салалық мамандардың біліктілігін арттыру.

Аталған шаралардың нәтижесінде 2029 жылға қарай жылу желілерінің тозу деңгейі 53%-дан 42%-ға дейін төмендейді деп күтілуде.

Жоба жүзеге аспаса, қандай қауіптер туындауы мүмкін?

  • Апаттардың жиілеуі және қызмет көрсету сапасының төмендеуі;
  • Жылу шығынының артуына байланысты тарифтердің одан әрі қымбаттауы;
  • Жылумен қамтамасыз етудегі теңсіздік;
  • Экологиялық мақсаттарға қол жеткізудің қиындауы.

Халыққа әлеуметтік қолдау

Аз қамтылған азаматтарды қолдау мақсатында тұрғын үй көмегін беру шарттары жеңілдетілді. Енді коммуналдық қызметтерге жұмсалатын шығындар отбасының жалпы табысының 10%-ынан асқан жағдайда мемлекеттен өтемақы қарастырылады (бұрын бұл көрсеткіш 20% болатын).

Процесс толық автоматтандырылған, нәтижесінде соңғы 5 жылда 223,4 мың отбасы мемлекеттік қолдауға ие болды.

Қорытынды

Еліміз маңызды таңдау жасауы қажет: тозығы жеткен жүйелерді жөндей беру ме, әлде жаңа жылу инфрақұрылымына инвестиция салу ма? Қолданыстағы жүйені сақтап қалу – тұрақты апаттар мен шығындардың ұлғаюына әкеледі. Ал жаңғырту – ұзақ мерзімді перспективада жылу жүйесінің энергия тиімділігін, сенімділігін және ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді.

Елдің жылу инфрақұрылымын жаңарту – тек техникалық міндет емес, бұл – халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған стратегиялық шешім.

Басқа жаңалықтар

Back to top button