TechБасты

«Ақпарат кімнің қолында – әлем соның уысында». Қазақстандағы ірі Data орталық қалай жұмыс істейді

Көз алдымызда технологияның соңғы үлгілері жойылып, жаңасы пайда болғанын көріп, ештеңеге таңғалмайтын болдық. Тіпті күніне шексіз ақпаратты оқып, миымызға бірі кіріп, бірі шығып жатқаны да рас. Бұл деректің бәрі қайда сыйып жатыр деп ойламаймыз-ау.

Айтпақшы, алғашқы қатты магниттік дискідегі деректі жинақтайтын құралдың салмағы 1 тоннаға жуық болған. Ал өзі бар-жоғы 5 Мбайт жадымен жұмыс істеген. Бұл – қазіргі смартфондағы бір фотоның көлемі.

Ол ол ма? Осыдан 2-3 жыл бұрын ақпаратты USB-флешка арқылы тасып жүретінбіз. Мұнша жадыны тасып жүру немесе жоғалтып алу қаупі бар екенін ұмытпау керек. Бірақ ІТ компаниялар бұл проблеманы шешті. Олар дата-орталықтар я болмаса бұлтты технологияны ойлап тапты. Иә, бүгінде бәрін бұлтты технология басып алды деуге болады. Флешканың қайда жатқанын ұмытып та қалдық.

Бұл біздің жұмысымызды жеңілдеткені, ақпаратты сақтау үшін үлкен орын тауып бергені рас. Бірақ оның қауіпсіздігі қаншалық сақталған? Күндердің бір күнінде деректер жойылып кетсе, қалай қайтарамыз? Кәдімгі біз сақтайтын «майл облако, яндекс диск, гуглдиск» және басқа да бұлтты технологияда тұрған ақпаратымызды кім сақтап отыр? Деректердің қауіпсіздігіне қатысты осы және өзге де сұрақтардың жауабын Нұр-Сұлтандағы «Транстелеком» АҚ дата-орталығының мамандары айтып берді.

Бахтияр Бектасов

Айта кетейік, осы жылдың жазында премьер-министр Асқар Маминге Ақтау қаласындағы 2 гектардан астам жер учаскесінде салынған ауданы 1 664 шаршы метр деректерді өңдеу орталығы (ДӨО) таныстырылды. Бұл – еліміздегі ең соңғы үлгідегі салынған дата-орталық. Яғни, үкімет бұл салаға ерекше  ден қойып келеді. Былтыр цифрлық технологияларды реттейтін заң да қабылданған болатын.

Деректерді өңдеу орталығы деген не?

Қазір елімізде 9 деректерді өңдеу орталығы бар. Олардың жетеуі бір типтес, яғни бірдей. 2013 жылы Алматыда, 2014 жылы Нұр-Сұлтанда құрылды. Бұлар Қазақстандағы алғашқы ДӨО болды.

«Желіге қосылған, үздіксіз электрмен қоректендірілетін, салқындату жүйесі мен түрлі қауіпсіздік жүйелері бар серверлік және желілік жабдықты орналастыруға арналған цифрлық бекініс. Яғни, белгілі бір ғимарат бар. Онда жабдық үшін инфрақұрылым ұсына алатын түрлі жүйе бар. Басқаша айтқанда, серверлер бар. Ол жерде деректер сақталады, өңделеді және қауіптен қорғалады», – деп түсіндірді «Транстелеком» АҚ ДӨО инфрақұрылымын пайдалану бағытының басшысы Бахтияр Бектасов.

Мұндай деректер орталығының қандай маңызы бар?

Дата орталықтың ең бірінші артықшылығы – ақпараттың немесе деректің қауіпсіз сақталуына кепілдік береді. Мысалы, егер бір орталықтағы мәлімет жойылып кетсе немесе қолжетімсіз болып қалса, оның көшірмесін келесі қаладағы дата-орталық ұсына алады. Сондай-ақ, өзіңіздің деректеріңізді серверлерге, яғни бұлтқа сақтасаңыз, кез келген уақытта, қажет болғанда мәліметіңізді ала аласыз.

«Яғни үнемі деректің резервтік көшірмесі жасалды. Мысалы, бізде Ақтөбе, Орал, Ақтауда, яғни бір-біріне жақын жерлерде деректерді өңдеу орталығы бар. Бір қаладағы деректер қолжетімсіз болғанда, екінші қаладағы қосыла қояды. Бізде серверлер бар. Қолайлы климат жасап, бөтен біреу келіп, бұзып кетпеуін қадағалаймыз. Дәл осы артықшылық деректерді өңдеу орталығын кәдімгі серверлік қызметтерден ерекшендіреді. Біздің ДӨО Tier III істен шығуға төзімділік деңгейінің халықаралық стандартына сәйкес келеді. Бұл стандартты  Uptime институты (АҚШ) әзірлеген. Мұндай сертификат ДӨО жұмысының үздіксіз болуына кепілдік береді», – деді Бектасов.

Деректер қолжетімсіз болып қалатын кездер бола ма?

Маманның айтуынша, кей жағдайда деректерді өңдеу орталығының жұмысында үзіліс болып қалуы мүмкін. Оларды қалпына келтіретін арнайы стандарттар бар. Мысалы, деректер Tier I деген жүйемен сақталса, онда  жылына 28 сағат үзіліс болуы мүмкін.

«Яғни, ДӨО жұмысы тоқтайды немесе басқа да олқылықтар болып қалады. Tier IІ болса, 22 сағат. Бұл да Tier I  секілді қызмет көрсету  сапасының мардымсыз екенін білдіреді. Tier III – жылына 1,5 сағат. Егер бір жағдай болып қалса, 1,5 сағат ішінде мәселе шешіледі деген сөз.  Бұл – максимум айтқанда. Одан да аз уақытта болуы мүмкін, бірақ 1,5 сағаттан артық күтпейсіз. Tier IV – өте жоғары деңгей. Бұл әзірге Қазақстан нарығы үшін қажет емес. Бұл тағы бір резервтің болуын қамтамасыз етеді. Мұны көбіне Ұлттық банк секілді аса маңызды, ірі компаниялар пайдаланады», – деді сарапшы.

Неге деректерді шетелде емес, өзіміздің дата-орталықта сақтау керек?

Компания өкілінің айтуынша, жекеменшік тұлғалар еліміздегі ДӨО деректерін сақтаса, өзіміздің компанияларға табыс түседі. Ал деректі шетелдің ДӨО-сында сақтағанда ақпараттың қолды болу қаупі бар.

«Ақпарат кімнің қолында болса, әлем соның уысында» деп айтамыз. Біздің мемлекеттің қауіпсіздік қызметі ақпараттың сыртқа шықпауы үшін қамданады. Жеке тұлғалар гуглдың бұлтында сурет, видео, басқа файлдарды сақтайды ғой. Оның түбі қай елде тұрғаны, негізгі иесі кім екенін білмейді. Оның қауіпсіздігіне ешкім жауап бере алмайды», –  деді Бахтияр Бектасов.

Сонымен қатар, «Транстелеком» АҚ серверлік жүйелерді әкімшілендіру бағытының басшысы  Тілек Адамжанов Қазақстанда ұлттық компаниялар, жалпы компанияларға жеке деректерді шетелде сақтауға тыйым салынғанын атап өтті.

«Тиісінше, біздің клиенттеріміз үшін қолайлы жағдай. Олар өз елімізде деректерін сақтай алады. Бұл қайта ыңғайлы әрі қауіпсіз», – дейді маман.

Неге деректерді мұндай орталықтарда сақтау керек?

Кез келген ұйымның мұндай дата-орталық салуға қаржысы және кәсібилігі жете бермейді. Яғни, мұндай орталықта жұмыс істей алатын арнайы маман, жабдық керек.

«Сондай-ақ, сервердегі температураны, яғни құрылғылар үздіксіз жұмыс істегеннен кейін оны салқындатып отыру керек. Ол үшін вентиляция бар. Сонымен жұмыс істей алатын маман қажет. Сондықтан кез келген компания өзінің инфрақұрылымын толық дата-орталықтарға тапсырса, олар сәйкесінше өзінің негізгі қызметі үшін көп уақыт үнемдей алады», – дейді Бахтияр Бектасов.

Қазақстанда дата-орталықта жұмыс істей алатын маман табу мәселесі бар ма?

Елімізде мұндай құрылғылармен жұмыс істей алатын техниктерді табу қиынның қиыны екен.

«Иә, бірден нағыз маман табу қиын. Мен өзім қызметкер іздегенде 2 мың түйіндеме қарадым. Дата-орталықтағы құрылғылармен жұмыс істей алатын мамандарды, технарларды іздейміз. Кейін арасынан іріктеп алып, өзіміз оқытамыз. Аға сарапшылар жас мамандарға үйретеді», – деді Бахтияр Бектасов.

Дата-орталыққа кез келген адам кіре ала ма?

Деректерді өңдеу орталығына оңайлықпен кіре алмайсыз. ДӨО-ға кіру үшін арнайы тәртіп бар. Деректерді сақтаған компания өзінің сенімді адамдарының тізімін береді және тек сол адамдар белгілі бір ережемен кіре алады.

«Оның қасында міндетті түрде біздің қызметкер жүреді. Күтіп алады, бірге жүреді, шығарып салады. Мынадай жағдай болған. Ақтаудағы дата-орталықты таныстыру кезінде цифрлық даму министрі Бағдат Мусин кіре алмаған. Себебі алдын ала берілген тізімде оның аты-жөні болмаған. Ал ҰҚҚ немесе басқа да белгілі бір органдар ақпарат сұратса, оның да өз талабы бар», – деді маман.

Бұлтты технология қолданылатын 4 жағдай бар

Серверлік жүйелерді әкімшілендіру бағытының басшысы  Тілек Адамжанов дата-орталық төрт түрлі жүйемін жұмыс істейтінін айтты. Яғни, бұлтты технология қолданылатын 4 жағдай бар: ірі компаниялар ІТ сервисін дата-орталықтың бұлтында сақтайды; Мысалы, құжат айналымы. Алдымен олар құжаттарды өз құрылымында сақтады, кейін дата-орталықтарға (бұлттарға) орналастырды.

«Екінші жағдай – резервтік алаң. Дата-орталықта негізгі ақпарат орналасады. Сондай-ақ, жақын маңдағы қалаларда орналасқан басқа дата-орталықта негізгі орталықтағы мәліметтің көшірмесі сақталады. Яғни, мәліметтердің көшірмесі бар. Бұл алдымен клиенттің дерегінен айырылып қалмауын қамтамасыз етеді. Екіншіден, әрдайым деректер қолжетімді. Бизнес тоқталмайды.

Үшінші жағдай – репликация. Бұл – резервтік көшірменің сақталуы. Тағы бір деректің үшінші рет сақталуы. ДӨО деректерді тәулігіне 24 сағат аптасына 7 күн үздіксіз қорғайды.

Төртінші жағдай, компанияны бір деректер құрып, соны сынап көргісі келсе, дата-орталықтан бұлтты алады, сынақтан өткізеді. Егер оларға тиімді болса, оны әрі қарай қолдана береді», – деп түсіндірді Тілек Адамжанов.

Қорыта айтқанда, дата-орталықтың халық үшін қандай маңызы бар? Қарапайым тілмен мынадай мысал келтіргіміз келеді. Мәселен, Қазақстан теміржолы компаниясын алайық. Біз оның сайтынан билет аламыз. Басқа азаматтар тағы бір қызметін пайдаланады. Яғни, ҚТЖ халыққа көрсететін қызметін үздіксіз, алаңсыз көрсете алады. Дәл осындай басқа компаниялар да, азаматтар да пайдалана алады. Бұдан бөлек бұл деректерді өзіміздің компаниялар қорғайды. Маңыздысы да сол.

Тағы қала желіден ұзақ уақытқа ажырап қалса, деректер орталығының жұмысын тұрақты жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін заманауи серверлік жабдықтармен жабдықталған. Мұндай орталықтар Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе, Атырау, Ақтау, Қызылорда, Қарағанды, Орал, Жезқазған қалаларында серверлік жабдықтарды орналастыру (colacation), бұлтты инфрақұрылым (laaS), резервтік көшіру және басқа қызметтерді ұсынып келеді.

Заман – зымыран. Кейде өзгеріске ілесе алмай қаламыз. Күнделікті деректі әр жерге сақтай бермей, ақпараттық қауіпсіздікті ескерейік. Ғылымның жаңалығын тиімді пайдалана білейік. Түптің түбінде мемлекеттік қауіпсіздік тұрғанын ұмытпайық.

Рахиля Бекназарқызы

Басқа жаңалықтар

Back to top button