Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ федерациясының президенті, мемлекет қайраткері Әлихан Байменов өзінің Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі А.Ұ. Маминге жазған үндеуінде 9-қыркүйекті «Тоғызқұмалақ күні» деп белгілеуді ұсынды.
“Құрметті Асқар Ұзақбайұлы!
Өзіңіз білетіндей, тоғызқұмалақ – ұлтымыздың адамзат мәдени мұрасына қосқан үлесінің жарқын үлгісі. Ғасырлар бойы тоғызқұмалақ ойшылдар күш сынасатын зияткерлік ойын да, зерде, зейін, қисынды ойлауды жетілдіретін тәрбие құралы да болып келді. Ұлы Абайдың тек өзі ойнап қоймай, маңайында мектеп қалыптастырып, жарыстар ұйымдастыруы да соның бір айғағы болса керек.
Кеңестік унификация салдарынан мыңжылдық тарихы бар зияткерлік ойынымыз жоғалуға жақын қалған 1940-50 жылдары оны қайта жандандырып, алғашқы жарыстарды ұйымдастырушылардың басында Мұхтар Әуезов,
Сәрсен Аманжолов, Мәулен Балақаев, Қалибек Қуанышбаевтардың тұруы да тегін емес еді.
Бірте бірте шебер ойыншылар анықталып, республика біріншіліктері, қырғыз ағайындармен ойындар өткізіле бастады. Дегенмен, белгілі себептермен ұлттық ойынымыз кеңес дәуірінде бұқаралық сипат алған жоқ. Тәуелсіздік арқасында ғана саяси идеологиялық тұрғыда тоғызқұмалақ дамуына оңтайлы ахуал қалыптасты”, делінген Федерация Президентінің жазбасында.
Оның айтуынша, таяуда тоғызқұмалақ ардагерлері мен жаттықтырушыларынан тоғызыншы айдың тоғызыншы күнін, яғни 9-шы қыркүйекті «Тоғызқұмалақ күні» деп белгілеу туралы ұсыныс түскен.
“Бұл күннің тағайындалуы біздің мәдени мұрамыздың мыңдаған жыл тарихы бар екенін, тереңнен тамыр алатын және ол мәдени мұраның ішінде ерекше күрделі интеллектуалды ойынның бар екенін паш ететін күн болатыны сөзсіз”, дейді Әлихан Байменов.