Париж Олимпиадасын ұйымдастыру комитеті 2024 жылғы жазғы ойындардың бағдарламасын ұсынды.
Ұйымдастырушылар ХОК ұсынған мүмкіндікті пайдаланып, жалпы ойынды қызықты өткізу мақсатында қосымша спорт түрлерін енгізді.
Париж-2024 жастардың көңілінен шығатын және спорттық нәтиже мен шығармашылықты арттыратын төрт спорт түрін ойын бағдарламасына қосты.
Атап айтар болсақ, Парижде брейкинг, спорттық құзға өрмелеу, скейтбординг пен серфингтен жүлделер ойнатылады.
Брейкинг (брейк-данс) 2018 жылы Буэнос-Айресте өткен жасөспірімдер Олимпиадасында алғаш рет жеңімпаздарды анықтады. Енді Париждегі Олимпиада ойындарының бағдарламасына ресми түрде еніп отыр.
Сондай-ақ, Олимпиада бағдарламасынан алынатын спорт түрлері де анықталды. Парижде Токио ойындарындағы үш спорт түрінен жарыстар өткізілмейді. Нақтылап айтар болсақ, каратэ, бейсбол мен софтбол Олимпиада бағдарламасынан шығарылды.
Париждегі Олимпиада ойындарында 32 спорт түрінен жүлде таратылады. Әлемнің 200-ден аса мемлекетінен келген спортшылар 306 жүлде жиынтығын сарапқа салады.
Төменде 2024 жылғы Олимпиада ойындарының бағдарламасына енген спорт түрлері көрсетілген:
Академиялық есу, бадминтон, баскетбол (оның ішінде 3×3 баскетбол бар), бокс, күрес, брейкинг, велоспорт, су спорты түрлері, волейбол, жағажай волейболы, гандбол, гимнастика (батут, спорттық гимнастика, көркем гимнастика), гольф, байдарка мен каноэде есу, дзюдо, ат спорты, жеңіл атлетика, үстел теннисі, желкенді спорт, регби-7, серфинг, скейтбординг, қазіргі бессайыс, спорттық құзға өрмелеу, садақ ату, спорттық ату, теннис, триатлон, таеквондо, ауыр атлетика, футбол, көгалдағы хоккей,
Париждегі Олимпиада ойындары 2024 жылдың 26 шілдесі мен 11 тамызы аралығында өтеді.