Басты

Министр әншілердің фонограмма қолдануына тыйым салуға қатысты пікір білдірді

Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова фонограммамен ән айтуға тыйым салу бастамасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды 24kz.

«Шынында да кейінгі кезде қазақстандық қоғамда отандық эстрадаға қатысты сұрақтар көп туындап жатыр. Бұл ретте маңызды мәселенің бірі – фонограмманы қолдану. Фонограммаға қатысты сын сөз айтатын халықтың қарасы мол. Әлеуметтік желілерде де мұндай сынның көп екенін байқаймыз. Сол себепті бұл мәселені шешу үшін Мәдениет және спорт министрлігі «Қазақстан Республикасының мәдениеті туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіп, Парламент Мәжілісінің қарауына жіберді», – деді Ақтоты Райымқұлова ОКҚ алаңы арқылы халық алдында есеп беру кездесуінде.

Министрдің айтуынша, заң жобасының үкіметтік нұсқасында «фонограмманы пайдалану тәртібі» (телевидение мен радиодан басқа жердің бәрінде тыйым салу) туралы норма да бар.

«Әрбір заң жобасы мүдделі мемлекеттік органдары мен «Атамекен» ҰКП мақұлдауынан өтеді. Біз заң жобасы арқылы аудиторияға фонограмманың пайдаланылатыны туралы алдын ала хабарлау тәртібін ұсынамыз. Шынында да бұл мәселе өзекті екенін айтқым келеді. Біз эстрадада жұмыс істейтін субъектілердің мүддесін ескере отырып, оны жан-жақты талқылауымыз керек. Екінші жағынан, тұтынушының мүддесін де қорғауға тиіспіз. Тыңдарманға алдын ала хабарлау керек. Осылайша халық жанды дауыстағы әнді тыңдағысы келе ме, әлде фонограммаға келісе ме, өзі шешеді», – деді ол.

Басқа жаңалықтар

Back to top button