АӨК дамыту мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңестің кезекті отырысында кеңес құрамынан шыққандардың орнына жаңа мүшелер ұсынылды, деп хабарлайды Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров жетекшілік еткен отырыста АӨК дамыту мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңестің төрағасы сайланды. Парламент Мәжілісінің 4-6 шақырылымының депутаты, Аграрлық мәселелер Комитетінің хатшысы, «Nur Otan» партиясы ОА жанындағы «Аграрлық сектор» комиссиясының партиялық кураторы Жексенбай Дүйсебаев Қоғамдық кеңестің төрағасы болды.
Ұйымдастыру мәселелерін қарағаннан кейін іс-шараға қатысушылар Қоғамдық кеңестің 2020-жылғы жұмысы туралы ақпаратпен танысты. Сонымен қатар, 2021-жылғы 3-қаңтарда Мемлекет басшысы қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық кеңестер қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның негізгі ережелерін талқылады.
Заң Қазақстандағы қоғамдық кеңестер институтын одан әрі дамытуға, барлық деңгейдегі мемлекеттік органдардың шешім қабылдауына азаматтық қоғамды тарту механизмдерін жетілдіруге бағытталған.
Енді қоғамдық кеңестердің өкілеттіктері кеңейтіледі. Қоғамдық кеңестерге мәселенің қоғамдық маңыздылығына қарай Нормативтік құқықтық актілердің өтініштері мен жобаларын дербес іріктеуге және қарауға құқық берілді.
Бұдан бөлек, қоғамдық кеңестерді сатып алу комиссияларының жұмысына тарту нормалары жазылған. Қоғамдық бақылауды жүргізу рәсімдерін реттеуге мүмкіндік беріледі. Оған қоғамдық бақылаудың төрт формасы – қоғамдық тыңдаулар, қоғамдық сараптама, қоғамдық мониторинг және мемлекеттік орган басшыларының есебі кіреді.
Құжатқа сәйкес, қоғамдық кеңестердің қызметін енді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі үйлестіреді. Ведомство Қоғамдық кеңеске әдістемелік қолдау көрсетеді, Мемлекет басшысына кеңестердің қызметі туралы жыл сайынғы Ұлттық баяндаманы дайындайды.
Осыған байланысты ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров Қоғамдық кеңестің одан арғы қызметіне енгізілуі тиіс өзгерістерді, сондай-ақ Президент Қ.Тоқаевтың биылғы 26 қаңтарда Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын ескере отырып, Кеңес жұмысын жетілдіру қажеттігін атап өтті.
«Қоғамдық кеңестерге заң шығару жұмысын қоғамдық бақылау мен сараптауда көбірек өкілеттік берілген. Биыл Жер кодексінің кейбір нормаларына мораторийдің аяқталуына байланысты жер комиссиясының жұмысы қайта қолға алынатын болады. Бұдан бөлек, АӨК дамытудың жаңа тұжырымдамасын әзірлеу жұмысы жүргізіледі. Осы және өзге де міндеттерді іске асыруда АӨК дамыту мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңеске ерекше басымдық беріледі», – деді министр С.Омаров.