Өтінімдер 25 қыркүйекке дейін қабылданады, деп хабарлайды Jana-kezen.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Нұр-Сұлтанда волонтерлік бастамаларды қолдау бойынша шағын гранттар байқауы басталды. Оның аясында 22 жеңімпаз анықталып, әрқайсысына 300 мың теңгеден беріледі.
Конкурсқа 14-29 жас аралығындағы жеке тұлғаларға, бастамашыл топтарға және Нұр-Сұлтан қаласының үкіметтік емес ұйым мүшелеріне қатысу рұқсат етіледі. Өтініш жекелей берілген жағдайда, өтініш беруші 14 жастан жоғары болуы тиіс.
Бастамашыл топтың атынан өтініш берген жағдайда, топ жетекшісі мен мүшелері 14-29 жас аралығында болуы тиіс. Байқауға қатысуға бастамашыл топтың басшысы барлық мүшелерін көрсете отырып, өтінімді тікелей беруге тиіс.
«Жобалар келесі бағыттар бойынша қабылданады: экологиялық ағарту жұмыстары бойынша волонтерлік жобалар; оқушы, студент жастар мен әлеуметтік топтарға білім беруге бағытталған жобалар; балалар және қарттар үйіндегі адамдарды қолдауға бағытталған жобалар; мүмкіндігі шектеулі адамдарды қолдауға бағытталған жобалар; мәдени-тарихи мұраны сақтау және дамыту, тарихи ескерткіштерді, мәдени-мемориалдық кешендерді қалпына келтіру және сақтауға бағытталған жобалар; құқық қорғау және табиғи, техногенді сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша жобалар; инновациялық жобалар; ғылыми жаңалықтар; компьютерлік бағдарламалау; экспедициялар мен экскурсиялар ұйымдастыруға арналған жобалар; әлеуметтік мәдени және спорттық жобалар; шығармашылық және қайырымдылық іс-шаралар; медициналық бағыттағы және карантин кезінде іске асырылатын жобалар; әдебиет пен тілге қатысты жобалар; жастар белсенділігін дамытуға арналған жобалар; бапқа сай келетін басқа бағыттар», – делінген конкурс ережесінде.
Жоба келісімшартқа қол қойылғаннан бастап 2 ай көлемінде (қазан-қараша) жүзеге асырылуы тиіс. Карантин режимі күшейтілген жағдайда жобалар онлайн/офлайн форматта жүргізіледі.
Сондай-ақ жоба аясында еңбекақы төлеуге, кеңсенің қамтылуына және басқа да әкімшілік шығындарға жұмсауға болмайды. Шығындар волонтерлік бастамаларды іске асыру үшін түрлі шығыс материалдарына (жабдықтау, құрал-сайман, құрылғыны жалға алу және т.б.) жұмсалады.
Байқауға қатысу үшін өтінімдерді PDF форматында 2020 жылдың 25 қыркүйегіне (18:00) дейін volonter_zhastar@bk.ru электронды почтасына жіберу қажет.
Грант иегерлерін іріктеу 2020 жылдың 30 қыркүйегіне дейін жүргізіледі.
Іріктеудің аяқталуы туралы хабарландыру ұйымдастырушылардың ресми сайты www.adyrna.kz мен @NS_JASTARY instagram парақшаcында жарияланады. Instagram: @ADYRNA.KZ/ @NS_JASTARY.
Айта кетейік, конкурс Нұр-Сұлтан қаласының жастар саясаты мәселелері басқармасының тапсырысымен «Волонтерлік бастамаларды қолдау бойынша іс-шаралар кешенін ұйымдастыру және өткізу» жобасы аясында өткізілуде. Ұйымдастырушы – «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі. Барлық сұрақтар бойынша жоба үйлестірушісіне + 7 (747) 933 91 09 телефон нөмірі бойынша хабарласуға болады.