Басты

ШҚО-да облыс аумағын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған бағдарламасы бекітілді

Бүгін ШҚО мәслихатының кезектен тыс сессиясында Шығыс Қазақстан облысының аумағын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған бағдарламасы талқыланды, деп хабарлайды Jana-kezen.kz

Облыс әкімінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, бағдарламада Шығыс Қазақстанның негізгі проблемаларына, оның ішінде өңірдегі демографиялық ахуалға, денсаулық сақтауға, тұрғын үймен қамтамасыз етілуге, ауылды сумен қамтамасыз етуге, автомобиль жолдарының жай-күйіне, экологиялық проблемаларға кешенді сипаттама берілді. Сондай-ақ, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының ағымдағы жағдайына талдау жасалды.

Құжатта өңірді одан әрі дамыту үшін бәсекелестік артықшылықтар, атап айтқанда бірегей кен орындары бар табиғи ресурстар, дамыған өнеркәсіптік және ауыл шаруашылығы базалары, туризм, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты, баламалы энергетиканы дамыту мүмкіндіктері көрсетілген.

Бағдарламаны іске асыру үшін айқындалған 4 бағыты бойынша 17 мақсат және 25 нысаналы индикатор бекітілді.

– Көрсеткіштердің базалық тізбесінен индикаторлардың жоспарлы мәндері 2021-2025 жылдарға Ұлттық экономика министрлігімен және салалық министрліктермен келісілді. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес Шығыс Қазақстан облысының аумағын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған бағдарламасы бекітілгеннен кейін, өңірдің даму ерекшелігі мен проблемаларын көрсететін қосымша индикаторлар қалалар мен аудандардың аумақтарын дамыту бағдарламаларына енгізіледі және аудандық, қалалық мәслихаттардың сессияларында бекітіледі, – деді экономика және бюджетті жоспарлау басқармасы басшысы Сәуле Ұлақова.

Айта кету керек, Шығыс Қазақстан облысының аумағын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған бағдарламасы бекітілгеннен кейін бағдарламаны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары әзірленетін болады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button