Үкімет отырысында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов телесабақтар «әл-Фараби» мен «Ел-Арна» телеарналарынан көрсетілетінің айтты, деп хабарлайды Jana-kezen.kz
«Көктемдегі тәжірбиеге сәйкес біз телесабақтарды да әзірлеудеміз. Телесабақтар өте қолжетімді құрал. Барлығы 6 мыңнан астам телесабақ түсірілуде. Теледидар сабақтары «әл-Фараби» мен «Ел-Арна» арналарында көрсетіледі. Кем дегенде әрқайсысында 9 сағаттан эфир берілді. Оған қоса барлық телесабақтар интернетте орналастырылып, оқушылар үшін тегін әрі қолжетімді болады», – деді министр Үкімет отырысында.
Оның сөзіне қарағанда, қазір Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен, әкімдіктермен бірлесіп осы арналармен қамтылу картасы дайындалды. Соның негізінде 604 елдімекенде осы каналдарға қол жетпейтіні анықталды, бірақ оның 314-інде ғана оқушы бар. Бұл мәселе жергілікті телеарналарға ретрансляциялау, спутниктік антенналар орнату арқылы шешіледі.
Сонымен қатар ол оқулықтармен қамтамасыз етуге қатысты жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты. Оқулықтардың электрондық нұсқасы оқушылар мен мұғалімдерге QR-кодтар арқылы қолжетімді болады.