
«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Жандос Шайхы Алматы қаласында экономиканың нақты секторын несиелеу жөніндегі Жобалық кеңсенің отырысын өткізді. Отырысқа екінші деңгейлі банктердің, еншілес ұйымдардың, ҚР Ұлттық Банкінің, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің, сондай-ақ Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының өкілдері қатысты.
Кездесу барысында нақты секторды қаржыландыру және кәсіпкерлікті дамыту, тұрғын үй құрылысын ілгерілету, басым инвестициялық жобаларға 8 трлн теңге бөлу жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асырудың негізгі қадамдары қарастырылды.
Атап айтқанда, отырысқа қатысушылар түпкілікті қарыз алушылар үшін сыйақының бірыңғай мөлшерлемесі 12,6 % деңгейінде белгіленетін шартты қаржыландыру құралын енгізу, жаңа экономикалық жобаларды қолдауға арналған кепілдік беру қорларының тетіктерін дамыту және өзге де жаңа құралдарды талқылады.
«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының басқарма төрағасы Фархат Сарсекеевтың айтуынша, бүгінде ШОБ-қа арналған кепілдік беру қорына Halyk Bank, ForteBank, ЦентрКредит және Freedom Bank сынды екінші деңгейлі банктермен келісімдерге қол қойылды.
Сондай-ақ, «Бәйтерек» холдингі базасында инвестициялық жобаларды қаржыландырудың ашықтығы мен жеделдігін қамтамасыз ететін виртуалды деректер қоймасы құрылатыны атап өтілді.
Сонымен қатар, Қазақстанның Даму Банкінің басқарма төрағасы Марат Елібаев банктермен бірлесіп іске асыруға болатын инвестициялық жобаларды таныстырды. Ол ҚДБ-ның халықаралық синдикаттармен де, қазақстандық заңнама шеңберінде әрекет ететін синдикаттармен де жұмыс істеуде мол тәжірибесі бар екенін атап өтті.
«Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Мадина Ержанова қатысушыларға Агенттік ұсынатын қолдау құралдарын таныстырып, екінші деңгейлі банктердің экспорттық құрамдасы бар жобаларды қаржыландыруға, оның ішінде қарыздарды сақтандыру, кепілдендіру және экспорт алдындағы қаржыландыру тетіктерін пайдалануға белсенді қатысуын ұсынды.
Отырыс аяқталғаннан кейін банктер мен қарыз алушылардың басшылығымен қосымша екіжақты кездесулер де өтті. Онда ынтымақтастықты кеңейту және жаңа қаржылық құралдарды енгізу аясында инвестициялық жобаларды бірлесіп іске асыру перспективалары талқыланды.