EcoБасты

Қазақстанның ұлттық парктеріндегі заңбұзушылықтар туралы жедел желі іске қосылды

Енді кез келген азамат ұлттық парктегі теріс әрекеттер, оның ішінде, ағашты заңсыз кесу, заңсыз балық, аң аулау, эко-бекеттерде түбіртек беруден бас тарту, парк қызметкерінің жұмысындағы олқылық және басқа да заңбұзушылықтар туралы фото және бейне қосымша арқылы ақпарат бере алады, деп хабарлайды Jana-kezen.kz

«Қазірдің өзінде бізге ұлттық парк жұмысына шағымданып, ескерту айтып жатқандар бар. Әрбір қоңырау бойынша тексеріс жүргізіліп, кемшілік түзетіледі. Мәселен, бір хабарлама бойынша жедел шара қабылданып, заңбұзушылық жойылды.  Ұлттық парктердегі жағдайды бірге өзгертейік. Тек біріккенде озық нәтижелерге қол жеткізе аламыз!», – деді Экология министрі Мағзұм Мырзағалиев.

ҚР ЭГТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті жедел желісінің нөмірі: +7777 6785252.

ҚР ЭГТРМ баспасөз қызметінің хабарлауынша, жедел желі ватсабына жолданған хабарламада шағым айтушының аты-жөні, сондай-ақ заңбұзушылық көрінісінің суреті немесе бейнетүсірілімі, ұлттық парктің атауы және орналасқан жері шамамен көрсетіледі.

Осылайша, елдің әрбір тұрғыны еліміздің табиғатын қорғауға және оны сақтауға қатысып, тұрғындар арасында жоғары деңгейдегі туристік мәдениетті қалыптастыруға ықпал ете алады.

Еске салсақ, бұдан бұрын ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «азаматтардың табиғи демалыс орындарындағы жаппай мәдениетсіздігі» проблемасын көтерген болатын. Өткен демалыстан бастап, Экология министрлігі ҚР ІІМ қызметкерлерімен, қоғам белсенділерімен бірлесіп, адамдар демалатын табиғи және ерекше қорғалатын аумақтарда рейд өткізіле бастады. Заңбұзушылық орын алған жағдайда түсіндіру жұмысы жүргізіліп, айыппұл салынады. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыс жалғасуда.

Бұдан бұрын Экология министрі ұлттық парктерде «шашлык туризмі» болмайтынын атап өткен. Ұлттық парктерге келушілерді министрлік экотуризмді дамыту, оның ішінде аяқжолдар мен қажетті инфрақұрылым салу арқылы тартпақ.

Министрлік қарамағындағы мемлекеттік ұлттық табиғи парктер тізімі:

  1. Іле-Алатау МҰТП
  2. «Көлсай көлдері» МҰТП
  3. Шарын МҰТП
  4. «Алтын-Емел» МҰТП
  5. «Көкшетау» МҰТП
  6. Баянауыл МҰТП
  7. Қатон-Қарағай МҰТП
  8. Сайрам-Өгем МҰТП
  9. «Бұйратау» МҰТП
  10. Қарқаралы МҰТП
  11. Жоңғар-Алатауы МҰТП
  12. «Тарбағатай» МҰТП

Басқа жаңалықтар

Back to top button