Social

Елордада Абай күніне арналған акция бастау алды

Қазақ халқының ұлы ақыны, ойшылы Абай Құнанбайұлының туғанына биыл 179 жыл толды. Осыған орай бүгін елорда көшелерінде Абай күніне арналған мәдени шараларды түйіндеу мақсатында «Абай аманаты» атты акция бастау алды

Астана қаласы әкімдігі Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен өтіп жатқан акцияның басты мақсаты – көпшілік арасында хакім тағылымын насихаттау және мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға да бағытталған.

 «Абай аманаты» акциясының алғашқы күні аясында ұйымдастырушылар қала тұрғындары арасында сұрақ-жауап форматындағы викториналық ойын өткізді. Ұлы ақынның өмірі мен шығармашылық мұрасына қатысты түрлі сұрақтарға еш мүдірмей жауап берген белсенді қатысушыларға 150-ге жуық кәдесый табысталды.

Іс-шара қаланың орталық көшелерінде, қоғамдық орындар мен саябақтарда өтті. Бұл қатысушылардың кең ауқымын қамтуға мүмкіндік берді. Айта кету керек, ниет білдірген қатысушылардың жас ерекшеліктеріне қатысты ешқандай шектеу болған жоқ.

«Абай аманаты» акциясы 21 тамыз күні рухани кешпен жалғасын табады. Ғұлама, ойшыл, ақын, ағартушы, қазақ әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлының мұрасын ұлықтауға арналған шара ел астанасында орналасқан «Жастар» театрында өтпек. Басталу уақыты – 17:00.

Естеріңізге сала кетсек, Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен 2020 жылдан бастап 10 тамыз Абай күні болып ресми бекітілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен мерекелік күндердің тізбесіне енгізілген айтулы күнді еліміз жыл сайын ауқымды іс-шаралармен атап өтуде.

Басқа жаңалықтар

Back to top button