Шетелдік көліктерді заңдастыру 1 шілдеден кейін де жалғасуы мүмкін. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полиция комитеті Ашық НҚА порталында жариялаған қаулы-жобасында жазылған.
«Азаматтарға заңдастыру шарттары туралы алдын ала хабарланғанына қарамастан, көптеген автомобильдер бұрынғы тіркеу орны бойынша есептен шығарылмады немесе тіркеу әрекеттерін жасауға тыйым салулар мен шектеулерге байланысты заңдастырудан өткен жоқ.
Мәселен, 8 маусымдағы жағдай бойынша 365 мыңнан астам өтініш келіп түсті. Бұл ретте тек 144 320 автомобиль бастапқы тіркеуден өтті, тағы 14 мыңнан астам көлік нөмірлік тексеруден өтіп, тіркеуін күтіп отыр. Осыған байланысты, егер тиісті өтініштер 2023 жылғы 1 шілдеге дейін берілген болса, азаматтарға автомобильдерді кейіннен заңдастыру мүмкіндігі беріледі», – деп жазылған өзгеріс енгізілгелі отырған Үкімет қаулысының жобасында.
Құжат 23 маусымға дейін көпшілік талқылауда болады. Кейін қол қою үшін Премьер-Министрге жолданады.
Еске салайық, 23 қаңтардан бастап елімізде шет мемлекеттерден заңсыз әкелінген көліктерді тіркеу басталды. Ол 1 шілдеге дейінгі аралықта жүреді.
Кейін депутаттар аталған санаттағы көліктерді заңдастыру уақытын ұзартуды ұсынды. Олардың пайымынша, бұл арзан әрі сапалы темір тұлпарлар көп қазақстандыққа отбасын асыраудың негізгі құралы болып отыр.
Артынша, жұртшылық наразылығы мен белсенділер бастамасы негізінде конструктор-көліктер де заңдастырылатын болды. Бұған қатысты Үкімет қаулысы шығып, 22 мамырда оларды тіркеу басталып кетті.