Азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін тұрақтандыру қорларының жұмыс принципін қайта қарап, бағаның ең көп өсуі күтілетін тауарлардың түрлерін сатып алу қажет. Бұл туралы ҚР Премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ҚР Ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров хабарлады.
Осыған сәйкес, маусымаралық кезеңде тұрақтандыру қорларында картоп, сәбіз, қырыққабат және пияздың қала халқы қажеттілігі бойынша 30% көлемінде, ал қарақұмық жармасы мен күнбағыс майы бойынша бүкіл халықтың қажеттілігінің бес айлық қорын қалыптастыру ұсынылады.
«Есептік деректер бойынша республикада картоп пен көкөністі сатып алу көлемі 229 мың тоннаны, қарақұмық жармасы 17,6 мың тоннаны, ал күнбағыс майы 28,5 мың тоннаны құрайды», – деді А.Сапаров.
Сонымен қатар, Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрінің ақпараты бойынша шикізат базасын дамыту үшін «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» ҰК» АҚ базасында тұрақты жұмыс істейтін жемдік астық қорын қалыптастыруды, сондай-ақ ірі және жемдік жемшөптерді әкетуге уақытша сандық шектеулер (квота) немесе тыйым салуды көздейтін жемшөп өндірісін дамыту жөніндегі жол картасы әзірленетін болады.