Инсультке қарсы жасанды интеллект: Астанада Cerebra жүйесі енгізіліп жатыр

Астананың денсаулық сақтау жүйесінде қазіргі уақытта жасанды интеллектке (ЖИ) негізделген бірқатар шешім енгізіліп жатыр
Бұл туралы денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру жөніндегі жұмыс кеңесінде Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әлия Рүстемова мәлім етті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Басқарма басшысының айтуынша, жасанды интеллект саласындағы озық шешімдердің бірі – Cerebra бағдарламалық қамтамасын енгізу. Ол инсультті автоматтандырылған түрде диагностикалауға арналған.
«Елімізде жыл сайын 40 мыңнан астам инсульт жағдайы тіркеледі. Бұл диагноз қойылған науқастардың 60%-дан астамы мүгедектікке ұшырайды, шамамен 5 мың адам инсульттен кейінгі алғашқы 10 күн ішінде көз жұмады, тағы 70%-ы тұрақты күтімді қажет етеді. Ауруды диагностикалаудағы басты қиындық – адам көзімен КТ суреттерінен цитотоксикалық ісінуді (ісіну) анықтау мүмкіндігінің шектеулі болуы.
Жобаның артықшылықтары: жоғары жылдамдық пен дәлдік, инсульттің түрі мен қосалқы түрін нақты анықтау мүмкіндігі, уақыт шектеулі жағдайда дәрігерлерге тиімді көмек көрсету», – деді Әлия Рүстемова.
Жоба №2 Көпсалалы қалалық ауруханада пилоттық режимде сәтті сынақтан өткеннен кейін, Cerebra жүйесін елорданың үш инсульт орталығына – №1 және №2 көпсалалы ауруханаларға, сондай-ақ қалалық көпсалалы медициналық орталыққа енгізу туралы шешім қабылданды.
«Жасанды интеллектіні елордалық денсаулық сақтау жүйесінде қолдану оң нәтижелерін көрсетіп отыр және ол саланы цифрлық трансформациялаудың маңызды құралына айналды. Бұл – Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді жүзеге асырудағы негізгі бағыттардың бірі. Біз денсаулық сақтау саласына ЖИ технологияларын енгізуді жалғастырып, медициналық көмектің сапасын арттыру, қызметтердің қолжетімділігін кеңейту және халық денсаулығын сақтау мақсатында цифрлық шешімдерді бірізді түрде дамытамыз», – деп түйіндеді басқарма басшысы.