Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің кеңейтілген отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарады. Бұл заң жобасына Парламент депутаттары бастамашы болғанын атап өткен жөн, деп хабарлайды Jana-kezen.kz ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұған дейін жүргізуші көлік жүргізген кезде жүргізуші куәлігі мен көліктің техникалық паспортын өзімен бірге алып жүруге міндетті болатын. Енді жаңа заң арқылы мұндай міндет алынып тасталады. Соған орай ешқандай әкімшілік жауапкершілік те болмайды.
Ал жүргізуші куәлігі мен техникалық паспортты басқа мемлекетте алған азаматтар аталған құжаттарды өзімен бірге алып жүруге тиіс.
Сонымен қатар жолдағы қауіпсіздікті арттыру үшін осы заң жобасы арқылы шығарылғанына 10 жылдан асқан автобустарды алғашқы тіркеуге тыйым салынады. Бұл норма 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді деп күтілуде.