SocialБасты

Жеке компаниялар қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарын қалай басқаратын болады

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының орынбасары Мария Хаджиева қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарының бір бөлігін жеке сенімгерлік басқаруға беру туралы айтып берді, деп хабарлайды Jana-kezen.kz Агенттіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

2021 жылы Қазақстанның азаматтарына инвестициялық портфельді басқарушыларға өздерінің зейнетақы жинақтарының бір бөлігін жеке сенімгерлік басқаруға өткізу мүмкіндігі беріледі. Қабылданған заңның нормаларын іске асыру үшін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі зейнетақы активтерін жеке басқарушы компанияларға беру тәртібін белгілейтін нормативтік құқықтық актілер қабылдайды.

«Жұмыс істеп жүрген азаматтар басқарушы компанияны дербес таңдай алады. Зейнетақы активтерін реттеушінің лицензиясы бар, жұмыс істеп тұрған компаниялар ғана басқара алатынын атап өтемін. Жеке басқаруға берілген қаражаттың сақталуын қамтамасыз ету үшін тиісті реттеушілік талаптар белгіленеді», – деді Мария Хаджиева 28 желтоқсанда өткен Орталық коммуникациялар қызметінің брифингі барысында.

Хаджиева атап өткендей, реттеушілік талаптар басқарушы компаниялардың қаржылық орнықтылығына қойылатын болады. Атап айтқанда, меншікті капитал жеткіліктілігіне, зейнетақы активтерінің ең аз кірістілігіне, инвестициялық портфельді басқару тәжірибесіне (соңғы үш жыл), сондай-ақ қазақстандықтардың зейнетақы жинақтары инвестициялануы мүмкін қаржы құралдарының рұқсат етілген  тізбесіне.

«Басқарушы компанияның зейнетақы активтерінің кірістілігіне кепілдік беру құқығы жоқ, алайда оның іс жүзіндегі кірістілігі белгіленген деңгейден төмен болса, ол салымшыларға өз қаражаты есебінен бұл айырманы өтеуге тиіс болады. Мәлімет үшін, бүкіл мерзім ішінде салымшылардың қаражатты Ұлттық Банкке қайтару немесе басқа компанияға аудару мүмкіндігі сақталады. Бұл шара азаматтардың өзінің зейнетақымен қамсыздандыруын жоспарлау жөніндегі жауапкершілігін арттырады», – деп түсіндірді Мария Хаджиева.

Зейнетақы жинақтары жеке басқарушы компанияларға берілуі және олардың басқаруында салымшылардың зейнетақы жасқа жетуіне дейін болуы мүмкін. Қажет болған жағдайда салымшылар өз жинақтарын бір басқарушы компаниядан басқасына аудара алады, бірақ жылына бір реттен жиі емес, деп атап өтті Агенттікте.

Зейнетақы активтерінің бір бөлігін жеке басқарушы компанияларға беру инвесторлардың институционалдық сегментінің нығаюына алып келетіні және еліміздің қор нарығының дамуына оң ықпал ететіні күтіледі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button