Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мемлекеттік органдармен және халықаралық сарапшылармен бірлесіп төтенше жағдайлар кезінде мемлекет және сақтандыру ұйымдарының өзара іс-қимыл тетігін пысықтауда және залалды өтеу тәртібін айқындауда
Апаттық тәуекелдерден сақтандыру енгізуге табиғи апаттар қарқындылығының күшеюі, оның ішінде Қазақстандағы ауқымды су тасқыны негіз болып табылады, деп хабарлайды Агенттіктің баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта табиғи апаттардан болған залал үшін өтемақыны мемлекет негізінен бюджет қаражаты есебінен төлейді. Өз мүлкін табиғи апаттар тәуекелінен сақтандыру үшін алдын ала шаралар қабылдаған азаматтар мен кәсіпкерлердің аз бөлігі ғана сақтандыру қорғаумен қамтылған.
Біздің елімізде апаттық тәуекелдерден сақтандыру ерікті болып табылады. 2023 жылы 366 мың ерікті сақтандыру шарты жасалды, 2022 жылмен салыстырғанда 11,6%-ға өсу, соңғы 5 жылда – 114%-ға өсу.
Сонымен бірге тұрғын үй-жайларды табиғи апаттардан сақтандырумен қамту ел бойынша орташа есеппен 3,2%-ды және Алматы қаласы бойынша 7,7%-ды құрайды. Бұл өңіріміздің географиялық және климаттық ерекшеліктерін ескере отырып, халықаралық стандарттар бойынша төмен көрсеткіш.
«Ең тиімді модель мемлекеттік-жеке әріптестік қағидаты бойынша қорғау тетігін құру болып табылады. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, сақтандыру ұйымдары ірі табиғи апаттардың залалын толығымен өтей алмайды. Табиғи апаттар қаупіне жиі ұшырайтын елдердің басым бөлігінде, соның ішінде Түркия, Румыния, Франция, Испания, Марокко, АҚШ және Қырғызстанда апаттық тәуекелдерді сақтандыру міндетті болып табылады»,- деп атап өтті ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы Мәдина Әбілқасымова.
Қазіргі уақытта Қазақстанда тұрғын үйді міндетті немесе жүктелген сақтандыруды енгізу қарастырылуда. Республика бойынша тіркелген барлық тұрғын үй құрылыстары сақтандырумен қамтылуы мүмкін. Міндетті сақтандыру бойынша төлемдер белгіленген шаманы құрайтын болады. Міндетті сақтандырудан басқа, ерікті сақтандыру шартын жасасқан азаматтар келтірілген залал үшін көбірек өтем алатын болады.
Бүгінгі күні әлемдегі бірде-бір ел өз аумағында болып жатқан апаттардың залалын өз бетінше өтей алмайды, ірі тәуекелдерді қайта сақтандыруға отандық сақтандыру ұйымдарымен қатар халықаралық қайта сақтандыру ұйымдары қатысуға тиіс.
Сақтандыру жарналарының мөлшерін және ең төменгі сақтандыру төлемдерін анықтау үшін сақтандыруға жататын жылжымайтын мүлік объектілері бойынша, оның ішінде құрылыс түрі, салынған жылы, жер сілкінісінен қорғау деңгейі және басқа өлшемдер бойынша сипаттамаларды қоса алғанда, толыққанды статистика қажет.
Сондай-ақ, ел өңірлері бойынша орын алған сақтандыру жағдайлары бойынша тарихи ақпаратқа және жылжымайтын мүліктің бұзылу дәрежесіне байланысты залалды өтеу мөлшері жөнінде деректерге қол жеткізу маңызды.
Апаттық тәуекелдерден сақтандыруды енгізу актуарлық есептеулер жүргізуді және тиісті заңнамалық түзетулер әзірлеуді талап етеді. Егер тұрғын үйді міндетті сақтандыруды енгізу туралы шешім қабылданса, жеке заңнамалық акт қабылдау талап етіледі.