Қазақстанның АӨСШК-ке төрағалығы жандануда
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі (АӨСШК) Хатшылығының Атқарушы директоры Қайрат Сарыбаймен кездесті, деп хабарлайды Jana-kezen.kz.
Әңгіме барысында тараптар Хатшылықтың 2021 жылғы жұмыс жоспарлары мен басымдықтарын талқылады. Сондай-ақ, 2022 жылы Кеңестің 30 жылдығына дайындық мәселелері бойынша пікір алмасылды. Атқарушы директор ү.ж. желтоқсанда өткен АӨСШК Арнайы жұмыс тобы мен Аға лауазымды тұлғалар комитеті отырыстарының қорытындылары туралы хабардар етті.
СІМ басшысы әлемдегі геосаяси ахуалдың өзгеруі және жаңа қауіп-қатерлердің пайда болуы жағдайында АӨСШК Сенім шаралары каталогының әлеуетін толыққанды іске қосу аса өзекті екенін атап өтті. Ол сондай-ақ АӨСШК институционалдық дамуының және халықаралық аренада, оның ішінде өңірлік ұйымдармен және форумдармен өзара іс-қимыл шеңберінде оның беделін нығайтудың маңыздылығын атап өтті.
М.Тілеуберді қазақстандық төрағалықтың АӨСШК қызметін жандандыру ниетін растады және Хатшылықтың Кеңестің мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізу жөніндегі күш-жігеріне қолдау білдірді.