ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында су ресурстарын пайдалану мәселелері қаралды. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев баяндама жасады, деп хабарлайды Jana-kezen.kz. Премьер-Министрдің ресми сайтына сілтеме жасап.
Соңғы жылдары өзен ағынының нақты ресурстары жылына 90-100 км3 құрады. Оның 51 км3 жуығы – жергілікті ағын, ал қалғаны Қытайдан, Орталық Азия елдерінен және Ресейден трансшекаралық өзендер арқылы келіп түседі.
Халықтың және экономика салаларының қажеттіліктері үшін пайдаланылатын судың жалпы көлемі шамамен 25 км3 құрайды. Оның ішінде ауыл шаруашылығына 15 км3, өнеркәсіпке 6 км3 және коммуналдық шаруашылыққа 1 км3 тиесілі. Ал тасымалдау кезіндегі шығындар 3 км3 құрайды. Сонымен қатар экологиялық жүйелерді қолдау үшін шамамен 50 км3 қажет.
«Соңғы үш жылда Қазақстан су аз цикліне кірді. 2019 жылы өзен ағысының жалпы көлемі 83 км3 құрады. Бұл орташа көп жылдық көрсеткіштен 20%-ға аз. Айта кету керек, республика бойынша пайдаланылатын судың 97% оңтүстіктегі төрт облысқа тиесілі. Республика бойынша пайдаланылған судың нақты көлемі 13,3 км3 құрады. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 1 км3 артық», — деді М. Мырзағалиев.
Биылғы вегетациялық кезең тұрақты өтті. Дегенмен де өте шиеленісті болды.
Алматы облысында қар жамылғысы өткен жылдармен салыстырғанда 35%-ға аз болды.
Іле өзенінің ағындылығы екі-үш есеге азайды. Ал суармалы жерлердің ауданы 2019 жылмен салыстырғанда 11%-ға ұлғайды. Жоғарыда аталған факторларға қарамастан, жалпы вегетация сәтті өтті деп айтуға болады.
«Облыста күріш егу алаңы 10 мың га немесе жалпы суармалы алаңның 2% құрайды. Бұл ретте күріш алқаптарына облыс бойынша пайдаланылатын судың 10% немесе жылына 350 млн м3 су жұмсалады. Осыған байланысты күріш егісін қысқарту қажет деп санаймыз. Ал, үнемделген судың есебінен ылғалды аз қажет ететін дақылдардың 40 мың гектар егістіктерін суаруға мүмкіндік пайда болады», — деді министр.
Жамбыл облысында 2020 жылы су көлемі орташа көп жылдық деректерден 15-20%-ға төмен болды. Трансшекаралық өзендерде су бөлу бойынша туындаған қиындықтарға қарамастан, облыста вегетациялық кезең тұрақты өтті.
Болжанғандай су аз циклды ескере отырып, біртіндеп ылғалды аз қажет ететін дақылдарға көшу және су үнемдеу технологияларын белсенді енгізу керек.
Түркістан облысында Сырдария өзенінің ағыны 2020 жылы 15%-ға және оның негізгі ресурсы болып табылатын Тоқтоғұл су қоймасының (Қырғызстан) көлемі 2019 жылға қарағанда 2 млрд м3 аз болды. Осыған қарамастан, суармалы суды жеткіліксіз беру фактілері тіркелген жоқ. Мақтаарал ауданында 4 мың га жерде күріш өсірілген. Егер де осыны қысқартқан жағдайда, 158 млн м3 су үнемделеді. Тиісінше, осы үнемделген судың есебінен 13 мың гектар ылғалды аз қажет ететін дақылдарды суаруға болады.
Қызылорда облысы бойынша суармалы жерлердің ауданы 251 мың га құрайды. Бұл елдің жалпы суармалы алаңының 16% болады. Осылай бола тұра, облыс жалпы республика бойынша пайдаланылған ағын судың 43% немесе 4 км3 суды қолданды. Жалпы облыс бойынша ағын суға қатысты өте күрделі жағдай байқалды.
«Сонымен қатар күріш егістігінің ауданы 90 мың га құрағанын атап өткім келеді. Ал агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасына сәйкес егіс алаңы 75 мың га аспауы тиіс. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 2025 жылға қарай суармалы жер көлемін 2,2 млн гектарға дейін жеткізу міндетін қойғаны белгілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2030 жылға дейін суармалы жер көлемін 3 млн га дейін жеткізуді тапсырды», — деді экология, геология және табиғи ресурстар министрі.
Біздің есебімізге сәйкес, су тұтынудың ағымдағы үрдісі сақталса, болжамды тапшылық 2030 жылға қарай 11,7 км3 құрауы мүмкін. Осыған байланысты, қазірдің өзінде су тұтынуды қысқарту бойынша шараларды жүзеге асыру қажет.
Біріншіден, су тапшылығын болдырмау мақсатында күріш егісін 29 мың га, атап айтқанда Қызылорда, Алматы және Түркістан облыстарында азайту қажет. Бұл 1 км3 суды үнемдеуге мүмкіндік береді.
Екінші: кемінде 750 мың га алаңда суарудың су үнемдеуші технологияларын енгізуді жалғастыру керек. Бұл орташа алғанда 30%-ға дейін немесе 2,2 км3 суды үнемдеуге мүмкіндік береді.
Үшінші: ұзындығы 6 мың км суару желілерін қайта жаңарту және 119 негізгі магистралдық каналдарда цифрландыруды жаппай енгізу есебінен жылына 2 км3 су үнемделеді. Осы қажеттіліктерге алдағы 5 жылда республикалық бюджеттен және халықаралық қаржы ұйымдарынан 192 млрд теңге жұмсалатын болады.
Төртінші: 10 жыл ішінде 3,6 км3 көлемінде су жинақтау үшін 39 жаңа су қоймасы салынады. Ол 70 елді мекен және 137 мың адам үшін су тасқыны құбылыстарының қаупін азайтуға мүмкіндік береді.
394 мың га жаңа суармалы жер су көзімен қамтамасыз етіледі. Бұл ауыл шаруашылығында 129 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
«Бүгінде Түркістан облысында Кеңсай-Қосқорған-2 су қоймасының құрылысы жүргізілуде. 28 су қоймалары бойынша техникалық-экономикалық негіздеме, және 3 су қоймалары бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Жоғарыда аталған іс-шараларды сәтті іске асырған жағдайда шамамен 8,8 км3 суды қосымша шоғырландыруға мүмкіндік пайда болады. Ағымдағы лимиті 15 км3 болатын пайдаланылатын суды ескерсек, қорытынды баланс 23,8 км3 тең болады. Осылайша, 3 млн гектар суармалы жерді 19,8 км3 көлемдегі сумен қамтамасыз ете аламыз», — деді министр.
Түркістан облысы Мақтаарал ауданында биыл «К-19» магистралды каналы цифрландырылды. Бұл алғашқы пилоттық жоба сәтті жүзеге асты.
Каналды цифрландырудың арқасында судың 45%-на дейін артық шығындалатыны анықталды. Алынған тәжірибені ескере отырып, таяудағы 5 жыл ішінде елдің барлық негізгі каналдары цифрландырылатын болады.
Біріншіден: ылғал сүйгіш дақылдардың егістік алқаптарын кезең-кезеңімен азайту қажет (күріш пен мақта).
Екіншіден: жаңа су қоймаларын салу және каналдардың техникалық жай-күйін жақсарту жөніндегі жобалар жалғастырылатын болады.
Үшінші: суарудың су үнемдеу технологияларын енгізбестен суармалы жерлердің ауданын ұлғайту мүмкін емес.
Төртінші: суармалы суды ұтымды және үнемді пайдалану мақсатында 2025 жылға дейін 119 негізгі каналдарда жаппай цифрландыруды жүргізу қажет.
Бесінші: оңтүстік өңірлердегі трансшекаралық көздерге тәуелділікті назарға ала отырып, жаңа суармалы жерлер сумен қамтамасыз етілген шығыс және солтүстік өңірлерде енгізілуге тиіс.