Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік Қазақстанның тәжірибесін ұсынды
Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні аясында ҚХР Мемлекеттік қадағалау комиссиясы Сovid-19 пандемиясының сын-қатерлеріне ден қою және экономикалық қалпына келтіру кезінде «Бір белдеу, бір жол» бастамасы серіктестерінің парасаттылығы» конференциясын ұйымдастырды, деп хабарлайы Jana-kezen.kz.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев өз таныстырылымында 2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласында қол қойылған меморандум аясындағы сәтті ынтымақтастықты атап өтті.
Ол Қазақстанның жемқорлыққа қарсы саясаты БҰҰ, Еуропа Кеңесі және ЭЫДҰ стандарттарында бекітілген ашықтық пен транспаренттіліктің негізін қалаушы қағидаттарына негізделгенін атап өтті.
«Пандемияның күрделі жағдайында сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарын жасау тәуекелі ұлғаюда. Қазір ашықтық, есептілік және қоғамның қатысуы бұрынғыдан да маңызды. Бұл барлық елдер үшін өзекті. Тек осыны қамтамасыз ете отырып, сыбайлас жемқорлықтың, ұрлық пен алаяқтықтың жолын кесуге болады», – деді спикер.
Агенттік төрағасы шетелдік әріптестерін заңнамалық жаңашылдықтармен және іске асырылған бастамалармен таныстырып, алдын алу тәсілінің маңыздылығын баса айтты. Атап айтқанда, ол мемлекеттік қызметтер, лицензиялау, сот өндірісі, кедендік және салықтық әкімшілендіру салаларындағы «электрондық жолға» ауыстырудағы қазақстандық тәжірибені атап өтті.
Спикер пандемия жағдайында қабылданған шаралар кешеніне ерекше назар аударды. Оның негізгілерінің қатарында ол бұқаралық ақпарат құралдарының белсенді қатысуымен тосқауыл бекеттерге, дәріханалар мен ауруханаларға қоғамдық мониторингті, медициналық препараттар мен бұйымдарды ұрлау мен қайта сатуға жол бермеу мақсатында елге келіп түсетін гуманитарлық көмекті сүйемелдеуді, азаматтармен онлайн өзара іс-қимылдың жаңа құралдарын енгізуді атады.
Мұндай іс-шаралар қызықтыратын сұрақтарға жауап алуға, тәжірибе алмасуға және бүкіл әлем үшін осындай қиын уақытта сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың оңтайлы жолдарын табуға мүмкіндік береді.