![](https://jana-kezen.kz/wp-content/uploads/2025/02/ajeroport-5-780x470.webp)
Қазақстан Үкіметі желтоқсан айында бекіткен «Энергетика және коммуналдық секторды жаңғырту» ұлттық жобасы инфрақұрылымның тозуын төмендетіп, энергиямен жабдықтаудың сенімділігін арттыруға бағытталған. Жобаның алғашқы кезеңінде «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі табиғи монополия субъектілері (ТМС) үшін арнайы семинар ұйымдастырды. Жиында қаржыландыру тетіктері, тарифтік жүктемеге ықпалы және бизнесті қолдау мәселелері қарастырылды.
Семинардың кіріспе бөлімінде ұлттық жобаның қаржы операторы, «Бәйтерек» холдингінің басқарушы директоры Әлия Мырзағалиева елімізде 400-ден астам энергия, жылу және сумен жабдықтау кәсіпорны бар екенін атап өтті. Олардың 214-і 95%-ға дейін тозған, сондықтан жоғары тәуекел аймағындағы нысандар санатына енгізілген. Ал жаңғырту бағдарламасының пилоттық кезеңіне 66 кәсіпорын қатысуға ниет білдіруде.
Жаңғыртуға қаржылық қолдау: икемді және тиімді механизмдер
Энергетика және коммуналдық секторды жаңғырту аясында табиғи монополия субъектілерінің (ТМС) ерекшеліктеріне бейімделген жеті қаржыландыру құралы қарастырылған. Олар:
- Екінші деңгейлі банктердің несиелері;
- Микроқаржы ұйымдарының займдары;
- Жергілікті атқарушы органдардың облигациялық займдары;
- Халықаралық қаржы институттарынан қаражат тарту;
- Мемлекеттік субсидиялар арқылы пайыздық мөлшерлемені жеңілдету;
- «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ арқылы тікелей несиелеу.
«Әрбір кәсіпорынның жағдайы әртүрлі. Сондықтан біз қаржыландырудың жан-жақты тетіктерін қарастырдық. Бұл ретте кәсіпорындардың қаржы-шаруашылық көрсеткіштері, меншік нысаны, абоненттік базасы мен орналасқан өңірінің даму әлеуеті ескерілді. Ұлттық жобаның басты ұстанымдарының бірі – қайтарымды қарыз қаражатын пайдалану. Табиғи монополия субъектілері несие мен облигация сияқты қарыз құралдарымен жұмыс істеуді үйренуі қажет. Бұған дейін олардың көпшілігі мұндай қаржыландыру көздерін пайдаланбаған», – деп атап өтті «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Олжас Салықов.
Ұлттық жоба қаржы операторының басты мақсаты – қаржыландыру жүйесін оңтайландырып, тарифтік жүктемені барынша төмендету. Осы мақсатта несие мөлшерлемесіне шектеу қойылып, оның Ұлттық Банктің базалық ставкасына 4%-дан артық қосылуына жол берілмейді. Сондай-ақ, 10%-дан жоғары сыйақы мөлшерлемесін мемлекет субсидиялайды.
Отандық бизнесті қолдау
Ұлттық жобаның қаржы операторы отандық шағын және орта бизнесті қолдаудың маңыздылығын ерекше атап өтеді. Бұл – бағдарламаның негізгі бағыттарының бірі. Даму институты ретінде «Бәйтерек» холдингі бөлінген қаржы мен атқарылатын жұмыстардың ел экономикасына тікелей пайда әкелуін көздейді. Аталған бастама отандық зауыттардың жүктемесін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға және экономикалық өсімді ынталандыруға мүмкіндік берері сөзсіз.
«Соңғы 15 жылда біз қазақстандық тауар өндірушілердің дамуына қолдау көрсетіп келеміз. Қазір олар цемент пен кірпіштен бастап, құбырлар мен арматураларға дейін кең ауқымды өнімдер шығарады. Алайда көптеген кәсіпорындар тапсырыс тапшылығының кесірінен толық қуатында жұмыс істей алмай отыр. Ұлттық жоба бұл кәсіпорындарға өндіріс көлемін арттырып, жаңа өнім түрлерін игеруге мүмкіндік береді», – деді Әлия Мырзағалиева.
Тарифтердің өсуі: қажеттілік және қолдау тетіктері
Сарапшылар инфрақұрылымның тозуын азайтып, жүйенің сенімділігін арттыру үшін тарифтерді кезең-кезеңімен қайта қарау қажет екенін атап өтуде. Дегенмен, әлеуметтік осал топтарды қорғау мақсатында арнайы қолдау шаралары қарастырылған: тұрғын үй көмегінің көлемі ұлғайтылып, тарифтердің өсуі біртіндеп жүзеге асырылады.
«2029 жылға дейін жобаны іске асыруға 13,5 трлн теңге бөлінді. Табиғи монополия субъектілерінің барлық өтінімдері ҚР Табиғи монополияларды реттеу комитетінің сараптамасынан өтеді. Бұл кезеңде тарифтердің көтерілуінің негізділігі бағаланады», – деп мәлімдеді Олжас Салықов.
Кәсіпорындардың қызығушылығы: қатысушылар не дейді?
Табиғи монополия субъектілері ұсынылған бастамаларды қалай қабылдауда? Пилоттық жобаға қатысуға ниет білдірген кәсіпорындар үлкен үміт артып отыр, бірақ сауалдары да аз емес. Дегенмен, барлығы болашаққа сеніммен қарауда.
Риддер қаласындағы жылу беру кәсіпорнының басшысы (ШҚО) Елена Рябинина мемлекеттік қолдау аясында соңғы үш жылда кәсіпорын желілерінің тозуын 80%-дан 68%-ға дейін төмендетуге қол жеткізгенін, алайда одан әрі жаңғырту үшін қосымша инвестиция қажет екенін атап өтті.
«Біз жобаға қатысу мүмкіндігін қарастырып жатырмыз. Негізгі мақсат – тозу деңгейін 40%-ға дейін төмендетіп, қала аумағының кеңеюін ескере отырып, жылу желілерін жаңғырту. Бізде моноқалаларды дамыту және халықаралық туризмді өркендету бағдарламасы жүзеге асырылуда, жаңа тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар салынып жатыр. Сол себепті жаңа қосылуларды қамтамасыз ету үшін құбырлардың диаметрін ұлғайтып, жылу желілерінің ұзындығын арттыру қажет», – деді Елена Рябинина.
Қорытынды
Ұлттық жоба 2029 жылға дейін инфрақұрылымның тозуын 40%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Қаржыландырудың кешенді моделі табиғи монополия субъектілеріне икемді шарттар ұсынып, отандық құрылыс материалдары мен жабдық өндірушілерін қолдауды көздейді.
Алдағы айларда алғашқы өтінімдер қабылданып, жаңғырту жұмыстары іс жүзінде басталады.