FinanceБасты

ШОБ кредиттерін 6%-ға дейін субсидиялау: 4 180 кәсіпкердің өтініші мақұлданды

2020 жылғы 10 желтоқсандағы жағдай бойынша экономиканың зардап шеккен секторларындағы шағын және орта бизнестің 4 180 субъектісінің кредиттер бойынша пайыздық мөлшерлемелерді  6%-ға дейін субсидиялауға өтініштері жалпы 754 млрд теңге сомаға мақұлданды, – деп Jana-kezen.kz. ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бағдарламаның операторы болып табылатын «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының деректерін келтіреді.

Ағымдағы кезеңде субсидияны 2 738 ШОБ субъектісі немесе мақұлданған қарыз алушылардың жалпы санының  65,5%-ы алды.  Төленген субсидиялардың жалпы сомасы 7 860 банктік қарыз шарты бойынша 6,9 млрд теңгені құрады.

Экономиканың зардап шеккен секторларындағы ШОБ субъектілерінің қолданыстағы барлық кредиттері бойынша жылдық 6%-ға дейінгі пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау ТЖ режимі жарияланған сәттен бастап, яғни 2020 жылғы 16 наурыздан бастап 12 ай кезеңге есептелді.

«Бұл ретте субсидиялау талаптарына ШОБ субъектілерінің 2020 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша қолданыстағы қарыздары сәйкес келеді. Осылайша, қарыз алушының банкке өтініш жасаған күніне қарамастан оның 2020 жылғы 16 наурыздан бастап қоса алғанда 2021 жылғы 15 наурызға дейінгі барлық төлемі субсидияланады. Субсидия банктерге аударылады және қарыз алушы өзінің қарыздары бойынша сыйақыны өтеу үшін пайдалануы мүмкін. Егер ол қарызды өтеу мерзімі аяқталғанға дейін пайдаланылмаған жағдайда, ол қарыз алушыға төленеді», – деп бағдарламаның іске асырылуы туралы ҚНРДА Стратегия және талдау департаменті директорының орынбасары Дмитрий Золотухин айтып берді.

Мемлекеттік субсидияны алуға өтінімдер қабылдау 2020 жылғы 30 қазаннан 1 желтоқсанға дейін ұзартылды, бұл көптеген ШОБ-қа бағдарламаға қатысуға, ал банктерге қажетті ақпаратты  «Дамуға» уақытылы жіберуге мүмкіндік берді. Осыған байланысты тағы да 600-ге жуық өтінім қабылданды.

«Бұл субсидиялау тетігі Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі тапсырмасын орындау мақсатында әзірленді және Үкіметтің пандемия кезеңіндегі шектеу шараларының салдарын барынша азайтуға арналған дағдарысқа қарсы шараларының бір бөлігі болып табылады. Тетікті әзірлеуге Ұлттық экономика министрлігі,  ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, «Даму» қоры, «Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығы қатысты» – деп қорытындылады Дмитрий Золотухин.

Басқа жаңалықтар

Back to top button