PoliticsБасты

Мағзұм Мырзағалиев: Энергетика министрлігі еліміздің дизель отынынсыз қалмауы үшін барлық жағдайды жасайды

ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында Мемлекет басшысының «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауы бойынша брифинг өтті.

Елдегі дизель отынының қоры туралы энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев айтып берді.

«Қазіргі отын дағдарысы бүгін ғана орын алған жоқ. Бізде тамыз айынан бастап қор қатты азайып барады, оған егін жинау жұмыстары да қосылды. Сондықтан, өкінішке орай, еліміздегі мұнай базаларында қор көлемі өте аз», — деді М. Мырзағалиев.

Министрдің айтуынша, негізгі себеп – Қазақстан мен шекаралас елдер арасындағы баға айырмашылығы.

«Солярка бойынша Қазақстан мен Ресей арасындағы айырмашылық 90 теңгеге дейін жетеді. Өзбекстан, Қырғызстан сияқты оңтүстіктегі көршілерімізбен айырмашылық шамамен 70-80 теңгені құрайды», — деп атап өтті ол.

Бұл проблеманы шешу үшін Ресей Федерациясының Энергетика министрлігімен шамамен 100 мың тонна көлемінде дизель отыны импортының қажетті көлемін бөлуге қатысты келіссөз жүргізілді. Қазіргі таңда ЖМҚС-ның ірі желілерінде Ресей Федерациясының жеткізушілерімен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Ресей Федерациясының зауыттарынан дизель отынын жөнелту 1-20 қыркүйек аралығында 5 мың тоннаны құрайды, ал 21-28 қыркүйек аралығында шамамен 15 мың тонна дизель отыны тиеп жөнелтілді. Сонымен қатар биылғы жылдың 1 қазанынан бастап Павлодар мұнай өңдеу зауыты жөндеуге жабылады. Осы уақытқа дейін отынның жеткілікті мөлшерін қалыптастыру керек еді. Алайда, осы жылдың тамыз және қыркүйек айларында дизель отынын тұтынудың аса қатты өсуіне байланысты (тамызда – 519 мың тонна, қыркүйекте 500 мың тоннадан астам болады деп күтілуде), қор деңгейі жеткіліксіз деңгейде қалды. Осыған байланысты, Министрлік ірі тұтынушыларға, сондай-ақ ЖМҚС желілеріне дизель отынының жетіспейтін көлемін импорттауды ұсынды.

«Бүгінде зауыттардан жөнелту жоспарлы режимде жүріп жатыр. Жергілікті атқарушы органдар – әкімдіктерден жанармай құю бекеттері мен мұнай базаларын тексеруді сұраймын. Біреулер көп ақша тауып қалу ниетімен солярканы сатпай, ұстап отыруы мүмкін. Энергетика министрлігі еліміздің дизель отынынсыз қалмауы үшін барлық жағдайды жасайды», — деді энергетика министрі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button