Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің қатысуымен агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру және жер қатынастары мәселелері бойынша Үкімет отырысы өтті. Мәжіліс барысында министр ведомствоның АӨК және жер қатынастары саласындағы ағымдағы жобалары мен жоспарлары туралы баяндамамен сөз сөйледі, деп хабарлайды Jana-kezen.kz.
Бағдат Мусин цифрландыру жобаларын сапалы іске асыруға агробизнес үшін тиісті инфрақұрылым қажет екенін атап өтті. Осы міндеттерді іске асыру мақсатында мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде инвестициялар көлемі 50 млрд. теңге болатын АӨК-ні цифрландыру үшін инфрақұрылымды қамтамасыз ету жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған жобаны жүзеге асыру ұсынылды.
Бұдан басқа, ведомство басшысы жер рәсімдерінің негізгі үш проблемасын нақтылады.
«Біріншіден, рәсімдердің ұзақ мерзімділігі мен күрделілігі. Азаматтар мен органдардың өзара іс-қимылы жөніндегі нақты және жүйеленген механизмдері жоқ. Екіншіден, жер учаскелерінің шекараларын белгілеу салдарынан көптеген сот даулары, шағымдар мен наразылықтар. Үшіншіден, жер кадастры жүйесінің ескірген сәулеті. Аудан деңгейіне дейін 200-ден астам таратылған деректер қоры ақпараттық қауіпсіздік пен адам факторының тәуекелдеріне алып келеді», – деп түсіндірді Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.
Министрлік басшысы барлық тізілімдерді біріктіруді, Бірыңғай мемлекеттік кадастр және «Электрондық үкімет» порталы арқылы қызмет көрсету процесін автоматтандыруды, сондай-ақ электрондық кезектің бірыңғай тізілімін құруды ұсынды.
Министр Ақтөбе қаласында пилоттық режимде жер учаскелерін онлайн-форматта алу мүмкіндігі іске қосылғанын хабарлады.
«Ақтөбе қаласы бойынша пилоттық режимде онлайн-форматта техникалық шарттары бар жер учаскелерін беру қызметін іске қосып, жаңа процесті түбегейлі өзгерттік. Сіз жер учаскесін жария кадастр картаны пайдаланып, онлайн режимінде таңдай аласыз. Әкімнің шешімі, шарттың түрлі актілері – барлық құжаттар электрондық форматта рәсімделеді және жеке кабинетте қолжетімді болады», – деді Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.