SocialБасты

Алексей Цой азаматтарды мереке күндері сақтық шараларын сақтауға шақырды

Бүгін Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте еліміздегі эпидемиологиялық жағдай туралы айтты, деп хабарлайды Jana-kezen.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Қазақстан Республикасында  КВИ-ге қатысты эпидемиологиялық жағдай қиындап барады. 27 қарашадағы мәлімет бойынша 129 213 науқас COVID-19 жұқтырған және 41 756 адамнан КВИ- анықталды», -деді А. Цой.

Қауіпті 5 өңірге қатаң шектеу шаралары енгізілген, олар «қызыл аймақта» тұр: Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Қостанай, Ақмола облыстары.

Өңірлердегі эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, бүгінде аймақ әкімдері қоғамдық тамақтану орнына келуші санын шектеу, кәсіпкерлік және өзге де қызмет объектілерінің жұмыс кестесін қысқарту, демалыс күндері қоғамдық көлік қозғалысын тоқтату сынды қатаң шаралар қабылдады.

Оқу жылының басынан 1 741 оқушы КВИ жұқтырған, оның ішінде кезекші сыныптарда оқитын балалар арасында 482 жағдай, 1 259 жағдай – қашықтан білім алатын балалар арасында  тіркелді. Соңғы аптада 12 өңірдегі кезекші сыныптарда оқитын оқушылар арасында 129 жағдай тіркелді.

«26 қарашадағы мәлімет бойынша  стационарлық медициналық көмек көрсету үшін 15 мыңға жуық инфекциялық төсек-орын дайын, оның 22% ғана, ал реанимациялық төсек–орынның – тек 16% науқас жатыр.  Карантиндік стационарларда 6 886 төсек-орын бар, республика бойынша олардың тек 3,8% пациент жатыр. Қажет болған жағдайда,  51 мыңға дейін инфекциялық төсек-орын әзірлеуге дайынбыз», – деді А. Цой.

Қазақстанда тестілеу қуаты тәулігіне 90 мыңға жетті. Зертханаларда күн сайын 40 мыңға дейін тест жасалады.

«Осылайша, зертханалардың резервтік қуаты 50 мың зерттеуге жетті, яғни қазақстандықтарған ПТР-тест қолжетімді», – деді А. Цой.

Еліміздегі ауруханалар мен емханаларда екі айға жететін дәрі-дәрмек қоры бар. Дефицит болмау үшін 2020 жылғы 18 қыркүйекте дәріханалардың бөлшек сауда желісіне арнап 8 отандық тауар өндірушіден 10 млн. медициналық маска сатып алдық. Жергілікті атқарушы органдар медициналық қызметкерлерге 3 айлық ЖҚҚ қорын жинап қойды. «СҚ-Фармация» ЖШС-нің 4 ХАБында бір рет қолданылатын 400 мың қорғаныс костюмі бар.

«Өкінішке қарай, қазір халық сақтық шараларына немқұрайлы қарап жүр. Маска киюді, әлеуметтік ара қашықтық сақтауды тоқтаттық. Алдағы демалыс күндері мен жаңа жылдық мерекелерді ескере отырып, баршаңызды коронавирус инфекциясының алдын алу шараларын қатаң сақтауға шақырамын», – деді А. Цой.

Елдегі эпидемиологиялық жағдай әрқайсымызға байланысты екенін еске салған министр, азаматтардан  маска киіп жүруді, әлеуметтік ара қашықтық пен гигиена талаптарын сақтауды сұрады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button