ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин ҚР аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның (ВАК) селекторлық отырысын өткізді. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы 16 қараша күні өткен ВАК отырысында берген тапсырмаларының орындалу барысы қаралды, деп хабарлайды Jana-kezen.kz Премьер-Министрдің ресми сайтына сілтеме жасап.
Санитарлық-эпидемиологиялық жағдай және қабылданып жатқан шаралар туралы денсаулық сақтау министрі А. Цой, дәрілік заттардың баға саясатына мониторинг жүргізу жөніндегі жұмыс туралы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы С. Жұманғарин, отандық жеке қорғаныш құралдарын өндірушілерді шикізатпен қамтамасыз ету туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі А. Ержанов, ІІМ стационарлары мен әскери госпитальдарының дайындығы туралы қорғаныс министрі Н. Ермекбаев және ішкі істер министрі Е. Тұрғымбаев, білім беру сапасын бақылауды күшейту туралы білім министрі А. Аймағамбетов, өңірлердегі ахуал туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі А. Көлгінов, Павлодар облысының әкімі Ә. Сқақов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Қ. Ақсақалов, Қостанай облысының әкімі А. Мұхамбетов баяндады.
Коронавируспен сырқаттанушылықтың өсуі Қазақстанның барлық өңірлерінде дерлік тіркелді. Вирустың репродуктивтілік көрсеткіші республика бойынша 1,07 құрайды. Инфекциялық төсек-орындардың толығуы – 22%, реанимациялық төсек-орындардың толығуы – 17%.
«Қызыл аймақта» 5 өңір қалып отыр: Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстары. «Сары аймақта» 2 өңір бар: Батыс Қазақстан облысы және Нұр-Сұлтан қаласы.
Үкімет басшысы денсаулық сақтау, индустрия министрліктеріне әкімдіктермен бірлесіп, медициналық жабдықтарды жеткізуді аяқтауды және инфекциялық стационарлардың реанимациялық бөлімшелерін толық жабдықтауды қамтамасыз етуді тапсырды.
Премьер-Министр эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауы мүмкін жағдайда ведомстволық ауруханалар мен госпитальдардың 100% дайындығын қамтамасыз етуді тапсырды.
Ішкі істер, еңбек, білім, қорғаныс министрліктеріне әкімдіктермен бірлесіп, ұйымдастырылған ұжымдарда профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шаралардың сақталуына бақылауды күшейту тапсырылды.
Денсаулық сақтау министрлігіне, әкімдіктерге коронавирус инфекциясына жасалған зертханалық зерттеулердің дұрыстығын (қайта тестілеуді) қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдау тапсырылды. Бұл ретте зерттеулердің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында осы жылғы 1 желтоқсанға дейін зертханаларды бірыңғай ақпараттық жүйемен интеграциялау жұмысы аяқталады.
Денсаулық сақтау министрлігіне бір апта мерзімде дәрі-дәрмектің шекті құнын төмендету мақсатында коронавирусқа қарсы препараттардың бағасын реттеу тәртібін өзгерту тапсырылды. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне ҚР-дағы коронавирусқа қарсы препараттар құнының жоғарылауына жол бермеу мақсатында шетелдік фармацевтикалық нарықтардағы баға конъюнктурасына талдау жүргізу тапсырылды.