ІІМ: Жамбыл облысында ауыр жүк көліктерін бопсалаумен айналысқан топ ұсталды

Ішкі істер министрлігі ұйымдасқан қылмысқа, бопсалауға және азаматтар мен кәсіпкерлерге криминалдық қысым көрсетудің өзге де түрлеріне қарсы іс-қимыл бойынша тұрақты негізде кешенді шаралар қабылдауда. Қылмыстық топтардың құрамында әрекет ететін адамдарды, заңсыз әрекеттердің барлық қатысушыларын анықтауға және олардың қылмыстық схемаларының жолын кесуге ерекше назар аударылады, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.
23 қыркүйекте Жамбыл облысының полицейлері Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментімен бірлесіп, аталған өңірдегі шекара бекеті арқылы өтетін ауыр жүк, жолаушылар, жеңіл және транзиттік автокөлік жүргізушілерінен жүйелі түрде ақша бопсалады деп күдіктелген қылмыстық топтың әрекетін тоқтатты.
27 тінту іс-шарасы жүргізілді. Суық қару, байланыс құралдары, ірі көлемдегі қаражат, сондай-ақ автомашиналар тәркіленді. Тергеу бір топ адам жасаған бопсалау фактісі бойынша жүргізілуде.
Қазіргі уақытта заңсыз әрекеттердің барлық мән-жайлары, оған қатысушылардың әрқайсысының рөлі, сондай-ақ ықтимал қосымша эпизодтар анықталуда.
ІІМ ұйымдасқан қылмыстық топтар мен азаматтарға және бизнес өкілдеріне қысым көрсететін адамдардың әрекетіне тосқауыл қою бойынша жүйелі жұмысты жалғастырады. Құқық қорғау органдарының басты міндеті – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау және жасалған қылмыстар үшін жауапкершіліктің бұлтартпастығын қамтамасыз ету.


