TechБасты

Семейлік «kzSGM» командасы WRO-2020 олимпиадасында жүлдеге ілікті.

Семейлік құлтемір құрастырушы «kzSGM» командасы WRO-2020 дүниежүзілік LEGO роботтар олимпиадасында жүлделі орынға ие болды. Ұйымдастырушылар эпидемиологиялық жағдайға байланысты сайысты онлайн өткізді. Канаданың Монреаль қаласында қараша айының 12 – 15 күндері өткен додаға әлемнің 50 –ге жуық елінен 450- ге жуық команда қатысқан, деп хабарлайды Jana-kezen.kz Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы НЗМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Биылғы маусым «Климаттық отряд» (Climate squad) тақырыбына арналды. Сайысқа қатысушы әр команда қолайсыз және қауіпті климаттық жағдайларды жеңіп, климаттың өзгеруіне байланысты мәселелерді шешуге көмектесетін құлтемірлер жасауы керек.

Дәл осы олимпиадаға Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11 сынып оқушылары Мирас Мұратқанов пен Нұрбол Мақтаев жұбының «kzSGM» командасы қатысып, «Surprise» санатында жүлделі 6 -шы орынға ие болды. Жалпы бұл санатта 184 команда бақ сынап, 16-19 жас аралығындағы робот құрастырушылар үшін жүлделі 8 орын үлестірілген.

– Мирас екеуміздің дүниежүзілік олимпиадаға алғаш қатысуымыз. Бұған дейін республикалық деңгейдегі сайыстарға қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүрдік. Осы олимпиадаға қатысатынымыз жайлы естігелі ұстазымыз Бақытбек Нұрлыбекұлының жетекшілігімен тыңғылықты дайындалуға кірістік. Бұл жарыс біз үшін нағыз тәжірибе алаңы болды. Жүлдегерлер қатарында өзімізді көргенде тіптен қуандық. Осы олимпиадаға қатысып, бағымызды сынауға мүмкіндік берген «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-на үлкен алғысымызды білдіреміз, – дейді оқушымыз Нұрбол Мақтаев.

Шәкірттеріміздің сөзіне қарағанда, биылғы олимпиадаға ұйымдастырушылар аздаған өзгеріс енгізіп, «Surprise» санатында берілетін тың жаңа тапсырманы 24 сағаттың ішінде орындауы керек болған. Осы тапсырманың шеңберінде команда мүшелері жаңа құлтемір құрастырып, оның қозғалу, жүру, белгілі бір жұмысты атқару сынды әрекеттеріне қажетті бағдарламаны әзірлеген.

Қос құлтеміршінің есімдері көпшілікке жақсы таныс. Өйткені, олар өткен жылы Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында домбырашы робот жасап, оған Хәкімнің  «Тор жорға» күйін тартқызған еді. Дәл осы еңбектері үшін «Мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруға қосқан үлесі үшін» атты Семей қаласы әкімінің сыйлығын жеңіп алған. Енді міне, өз білімдерінің арқасында тағы бір биікті бағындырып, Қазақстан атын шығарып отыр. Ендігі мақсатымыз – осы жеңісті жалғастыра беру, – дейді жас өнертапқыштар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button