Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев мегаполисті дамыту жөніндегі қала тұрғындарының бастамаларын талқылау және олардың ұсыныстарын назарға алу бойынша iAzamat интерактивті қосымшасының ашылғаны туралы мәлімдеді, деп хабарлайды Jana-kezen.kz
Алматы әкімі Б. Сағынтаев Instagram-дағы өзінің парақшасында Алматының XII Азаматтық форумының басталғаны туралы хабарлады.
«Күн тәртібінде – қала алдында тұрған міндеттерді жергілікті атқарушы органдардың азаматтық қоғаммен өзара іс-қимылы арқылы шешу. Онлайн-сессия барысында экология мен цифрландыру, денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау, мәдениет пен спорт мәселелері талқыланады», — деп жазды мегаполис әкімі.
Алматы әкімі Б. Сағынтаев жалпықалалық iAzamat платформасының бета-нұсқасынның іске қосылғаны туралы айтты.
«Бастамаларды талқылап, мегаполисті дамыту бойынша ұсыныстарды әзірлеу үшін тиімді коммуникациялық алаңдардың бірі ретінде іАzamat жалпықалалық платформасының бета-нұсқасы бүгін іске қосылады. Алматылықтар қаладағы жобаларға дауыс беріп, өзекті мәселелерді көтеріп, одағы жаңалықтарды біліп отырады», — деп атап өтті Б. Сағынтаев.
Қала әкімінің айтуынша, жаңа интерактивті құрал азаматтық қоғамның басқару және шешім қабылдау процесіне қатысуын кеңейтеді.
«Біздің әрқайсымыз Алматының өмірін жақсарту бойынша жаңа идеялар мен ұсыныстардың бастамашысы бола аламыз», — деді ол.
Еске салсақ, Алматы қаласының әкімі Б. Сағынтаев қосымшаны әзірлеу туралы тапсырманы ағымдағы жылдың көктемінде берген еді. Қосымша арқылы тұрғындар қала жобаларына дауыс беріп, қала бастамаларын талқылауға қатысып, мегаполистің өмірінен хабардар бола алады.
Алматы «Азаматтық қоғамды дамыту: жаңа сын-қатерлер және қоғам мен мемлекет игілігі үшін міндеттер» атты Алматы қаласының ХІІ Азаматтық форумының жұмысына азаматтық қоғам өкілдері қатысуда.
Азаматтық форумның пленарлық бөліміне ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Рахман Алшанов, «Алматы қаласының Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрайымы Зәуреш Өмірбаева, ҮЕҰ өкілдері қатысты.