Жас қарағандылықтардың шығармашылықтарын қолдауға гранттар бөлінді
Қарағандының Достық үйінде «Шығармашыл жастарды қолдау бойынша іс-шараларды ұйымдастыру» республикалық жобасының жеңімпаздарымен кездесу өтті. Оны ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы іске асырады. Гранттарды қарағандылықтар иеленді, деп хабарлайды Jana-kezen.kz
Жас талантты қазақстандықтарды анықтауға арналған байқау сәуір айында басталған болатын. Оған жеке немесе ұжымдық өтініш білдірушідер ретінде 14 пен 29 жас аралығындағы жастар қатысты. Жеңімпаздар музыка, хореография, театр, кино, цирк өнері, әдебиет, бейнелеу өнері, сәулет, дизайн бағыттары бойынша таңдалды.
– Негізгі мақсат – талантты жастарды қолдау, шығармашылықты насихаттау, мәдениетаралық коммуникацияны нығайту. Әлеуметтік осал топтарға көмек көрсетіледі. Жеңімпаздар республикалық және халықаралық байқауларға қатысу үшін шағын гранттар алады, – дейді Қарағанды облысы бойынша жоба үйлестірушісі, облыстық ҚХА Аналар кеңесінің мүшесі Жанаргүл Құлмағамбетова.
Қаражатты конкурста өнер көрсетуге байланысты кез келген шығыстарға: нысаналы жарнаға, жол жүруге, тұруға, құрал-саймандарды, жабдықтарды немесе костюмдерді сатып алуға және т. б. пайдалануға болады.
Қарағанды облысы бойынша 30-дан астам өтінім берілді. «Музыка» бағыты бойынша гранттарды Гюнель Ширинова, Лина Чаудари, Фарида Асанова жеңіп алды. Грантты сонымен қатар Ольга Цой (бейнелеу өнері), Оспан Тансу (әдебиет) және «Созвездие» би ұжымы (хореография) иеленді.
Республикалық байқауларға қатысу гранты 200 мың теңгені, халықаралық байқауларға – 700 мың теңгені құрайды.