SocialБасты

Батыс Қазақстандық тұрғындар ақылы жүйені енгізу күре жолдарды қалпында сақтауға ықпал ететініне сенімді

Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында Ақтөбе-Орал, Ақтөбе-Орынбор, Қарабұтақ-Қызылорда (Ақтөбе облысы бойынша учаске), Орал-Самара және Орал-Саратов автожолдарында ақылы жолдарды енгізу жобасы аясында қоғамдық тыңдаулар аяқталды, деп хабарлайды Jana-kezen.kz

Бұрын хабарланғандай, қазір бұл автожолдарда тесттік режимде жүк көліктері үшін ашық төлем жүйелері іске қосылуда. Оларда әдеттегі төлем посттары мен шлагбаумдар болмайды. Оның орнына төлем алудың «ашық жүйесі» қолданылады, яғни көлік ағынын бейне жазу жүйелері бар аркалар бақылайды. Аталмыш учаскелер ІІ және ІІІ санаттағы жолдар болғандықтан жеңіл автокөлік иелері жол ақысын төлеуден босатылған.

Тесттік сынақтардан кейін жүйе мақұлданған жағдайда жол жүру үшін алымдардан түскен қаражатты жолдарды жөндеуге және қызмет көрсетуге, сондай-ақ меншікті сервистік қызметтерді құруға және жолды күтіп ұстауға бағыттау жоспарланған.

Қоғамдық тыңдаулар жергілікті тұрғындардың көлік артерияларында ақылы жүйені енгізуді құптайтындарын көрсетті. Өңір тұрғындары ақылы жүйені енгізу арқылы халық қатынайтын күре жолдарды қалпында сақтауға ықпал ететініне сенімді.

Дәл осы жолдарда жүк көліктерінің жоғары қарқындылығы байқалады және жергілікті тұрғындар жаңадан салынған немесе жөнделген жолдар көп ұзамай ауыр жүк көліктерінің кесірінен жарамсыз болып қалады деп алаңдайды. Тұрғындар ақылы жүйе – жөнделген жолдардың бүтін сақталуына септігін тигізгенін қалайды.

Сондай-ақ, жергілікті халыққа ақылы жүйені енгізуден жиналатын барлық қаражат – жолды жөндеуге және оны жыл бойы күтіп ұстауға жұмсалатыны түсіндірілді. Бұл өз кезегінде жолды жөндеу және жол бойындағы инфрақұрылымға қызмет көрсету үшін көптеген жаңа тұрақты жұмыс орындарын ашуға септігін тигізеді.

Жергілікті халықтың ақылы жүйені енгізуді қолдаудың тағы бір себебі – жолдағы жайлылық пен қауіпсіздік. Қоғамдық тыңдаулар барысында азаматтар: жол бойындағы сервистің заманауи нысандарын, соның ішінде жылы дәретханалар мен дүкендерді салу, жарықтандыру шамдарын және үй жануарларының жолға шығып кетпеуі үшін қоршаулар орнату, жол көлік оқиғасы мен басқа да жағдайлар кезінде жүргізушілерге көмек көрсету туралы мәселелерді жиі көтерді. Сонымен қатар, қысқы уақытта жолдар жабылмай, дер кезінде қардан тазартылуы туралы өтініш-тілектерін айтты.

Қоғамдық тыңдаулардың қорытындысы бойынша тұрғындар тарапынан келіп түскен барлық сұрақтар мен ескертулер жазылған хаттамалар толтырылды. Олардың барлығы шешім қабылдау үшін ұлттық компания басшылығына ұсынылады, сондай-ақ ақылы автожолдар бойынша қорытынды жобалау құжаттамасында ескеріледі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button