Жаңаарқа ауданының ішкі саясат бөлімі Қарағанды облысының жастар және балалар ұйымдары одағымен бірлесіп брейн-ринг ұйымдастырды, деп хабарлайды Jana-kezen.kz
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға арналған зияткерлік білім беру ойынына екі команда қатысты. Жарыс барлық санитарлық нормаларды сақтай отырып өтті.
Байқау қорытындысы бойынша «Бөрілер ұрпақтары» командасы бірінші орынға ие болды. Екінші орын «Жаңа ғасыр» тобына бұйырды. Барлық қатысушылар естелік сыйлықтармен және дипломдармен марапатталды.
Жаңаарқа ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінде хабарлағандай, алдағы уақытта командалар санын арттыру жоспарлануда.
Сондай-ақ, Жаңаарқа ауданының бірнеше ауылында сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған аудан және ауыл жастарының қатысуымен кездесулер өтті. Кездесуде Қарағанды облысының жастар және балалар ұйымдары одағының төрағасы, облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы ақпараттық-ағарту штабының мүшесі Жомарт Әбіш жастармен сыбайлас жемқорлықтың пайда болу себептері мен алдын алу шаралары туралы, ал теолог Мадияр Уақасов дін мен дәстүр сабақтастығы және деструктивті діни ағымдардың қауіптілігі туралы айтты.