Басты

1500-ден астам қазақстандық COVID-19 жұқтыру ықтималдығын өз бетінше анықтады

Бір айдан бері қазақстандықтар «ақылды» тестіні белсенді пайдаланып келеді және үй жағдайында COVID-19 жұқтыру ықтималдығын бағалай алады. Естеріңізге сала кетейік, қазан айының басынан бастап онлайн-тест https://covistop.asia/covid-test/  сайтында барлығына тегін қол жетімді. Мәселен, вирусты жұқтыру ықтималдығын 1500-ден астам қазақстандық бағалап үлгерген, деп хабарлайды Jana-kezen.kz Назарбаев университетіне сілтеме жасап.

Әзірлеушілер тест нәтижелері нақты диагноз бермейді және медициналық қорытынды емес деп ескертеді. Алайда, тесттің арқасында енді қазақстандықтар COVID-19 вирусын жұқтыру ықтималдығына қатысты өз денсаулығының жай-күйін өз бетінше талдай алады.

«Нәтижелерді түсіндірудің дәлдігін жақсарту үшін біз кейбір сұрақтарды толықтырдық және өзгерттік. Сонымен қатар, қазір пайдаланушыларға ыңғайлы болу үшін кеңестер мен ұсыныстар беріледі», – дейді тестіні әзірлеушілердің бірі Юсуп Тумгоев.

Естеріңізге сала кетейік, тест сұрақтар мен жауап нұсқалары бар сауалнама түрінде ұсынылған. Тесттің жұмыс принципі нейрондық желіге – жасанды интеллект технологиясына негізделген. Нейрондық желі COVID-19 вирусының негізгі белгілері, тәуекел топтары және Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің ресми хаттамалары туралы бағдарламалық ақпаратты ескере отырып, COVID-19 вирусын жұқтыру ықтималдығын есептейді.

Қазір әзірлеушілер «ақылды» тест алгоритмдерін жақсарту барысында. Сонымен қатар, жақын арада олар соңғы зертханалық зерттеулер мен IT әзірлемелерін қамтитын COVID-19 вирусын жұқтыруды диагностикалаудың жаңа нұсқасын жасауды жоспарлап отыр.

Басқа жаңалықтар

Back to top button