Бүгін Нұр-Сұлтанда елорда әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен мен ірі сауда орталықтары мен базарлардың басшылары арасында кездесу өтті, деп хабарлайды Jana-kezen.kz
Қаланың бас санитарлық дәрігері Жанна Пірәлиева өз сөзінде атап өткендей, елордада індет жұқтыру жағдайлары жиілегені байқалады. Бұл, басқалармен қатар, ШОБ өкілдері мен азаматтардың карантин тәртібін өрескел бұзуымен байланысты.
«Профилактикалық жұмыстарға қарамастан, кәсіпкерлік субъектілері карантин тәртібін бұзуда, бұқаралық іс-шаралар өткізілуде, мекемелердің жұмыс кестесі бұзылған. Сонымен қатар, қалада ауру саны артып келеді. Бұл дегеніміз біз жасыл аймақтан алшақтаймыз. Ауру жағдайлары мектеп жасындағы және бір жасқа дейінгі балалар арасында да тіркелуде», – деді Жанна Пірәлиева.
Негізгі қауіпсіздік ережелерін елемеу COVID-19 екінші толқынына әкелуі мүмкін. ШОБ өкілдері мен қала тұрғындары санитарлық нормалардың сақталуына үлкен жауапкершілікпен қарауы керек.
«Әр аймақ өз деңгейінде шешім қабылдайды. Біз сондай-ақ бизнестің жұмыс істегенін қалаймыз, біз бұл жұмыс, табыс және экономика екенін түсінеміз. Бірақ кәсіпкерлер өз тарапынан талаптарды орындауы керек. Кейбір сауда орталықтары маска тағу тәртібін сақтамайды және температураны тексермейді. Қабылданып жатқан шараларға түсіністік танытуды сұраймыз, біздің ортақ міндетіміз, ең алдымен, аурудың қайта өрушінің алдын алу», – деді Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен.
Жиын соңында сауда орталықтарының демалыс күндеріндегі жұмысын қайта қалпына келтіру қаладағы эпидемиологиялық жағдайға және ШОБ-тың санитарлық нормаларды сақтауына байланысты болатыны айтылды.
Демалыс күндері сауда-ойын-сауық орталығының жұмысын қалпына келтіру толығымен нысандардың барлық санитарлық нормаларды сақтауға дайындығына байланысты. Әрбір азаматтың жауапкершілігі эпидемиологиялық жағдайға әсер етеді, сондықтан барлық елордалықтарды карантин шараларын қатаң сақтауға шақырамыз.