Қарағанды облысында 2020 жылға арналған Жұмыспен қамтудың Жол картасына жалпы сомасы 65,5 млрд теңгеге 625 жоба енгізілді. Іске асырылып жатқан инфрақұрылымдық жобаларда 14 499 жұмыс орны құрылды, олардың жартысына бұрынғы жұмыссыздар жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмысқа орналаса алды, деп хабарлайды Jana-kezen.kz өңір әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл туралы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүніспекова онлайн режимінде өткен аппараттық кеңесте хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, Жұмыспен қамту жол картасы бойынша облыстың 140 елді мекенінде Инфрақұрылым жақсартылуда. 31 нысанның құрылысы жоспарланған: мектептер, балабақшалар, дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, жылу және сумен жабдықтау желілері және т. б. Олардың бір бөлігі іске қосылды, қалғандары кесте бойынша аяқталады. Жезқазғанда ЖҚЖК бойынша модульді жұқпалы аурулар ауруханасы салынды.
Бағдарлама бойынша облыста 460 әлеуметтік сала, ТКШ және көлік инфрақұрылым нысандары жөнделді. Жөндеу жұмыстары көп жылдар бойы жүргізілмеген ауылдық мектептер мен мәдениет үйлерін ретке келтірді. Ауылдық елді мекендерде жол салынды. Сонымен қатар, саябақтар мен гүлзарларды абаттандыру, көшелерді жарықтандыру және көгалдандыру, балалар және спорт алаңдарын салу бойынша 135 жоба іске асырылды.
Кеңесте облыс әкімі Жеңіс Қасымбек барлық жобаларды мерзімінде сапалы аяқтау және бағдарламаны одан әрі іске асыру бойынша тапсырмалар берді.
«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасын келесі жылға жалғастыру туралы шешім қабылданды. Қараша айында жобаларды іріктеу және оларды облыстық комиссияға бекіту қажет. Тұрақты жұмыс орындарын құратын жобаларға қолдау көрсетіледі. Яғни, бұл күрделі құрылыс және бизнесті қолдау. Облыс республикадан кәсіпкерлерді жеңілдікпен несиелеуге шамамен 15 млрд теңге алады деп күтілуде», – деді өңір басшысы.