Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің міндетін атқарушы Марат Қарабаев Премьер-Министрге еліміздегі нысандардың алдағы жылу беру маусымына дайындығы туралы ақпарат берді.
ҚР ИИДМ-ның ақпаратына сүйенер болсақ, жылу беру маусымына еліміздегі 47 мыңнан астам көпқабатты тұрғын үйді, 11 мыңға жуық білім беру және 5 мыңға жуық денсаулық сақтау нысанын дайындау қажет. Сондай-ақ шамамен 17 мың шақырым жылу, су бұру және сумен жабдықтау желілері мен 10 мың дербес қазандық қондырғыларын қайта даярлаудан өткізу жоспарланып отыр.
«Жылу беру маусымына дайындық министрліктің ерекше бақылауында. Күн сайын мониторинг жасалып отырады. Оған дайындықтың кешенді жоспары жасалып, ол облыстардың және Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының жергілікті атқару органдарына жіберілді. Сонымен қатар өңір әкімдіктерімен бірлесіп көмір өнімдеріне қажеттілік жоспарын қалыптастырудамыз», – деді М. Қарабаев.
Оның айтуынша, биылғы жылдың қаңтар-сәуір айлары аралығында 38 млн. тоннаға жуық көмір өнідірілген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5 пайызға көп. Бүгінге дейін ішкі нарыққа 27,4 тонна көмір жөнелтілген. Оның ішінде 3 млн. тонна көмір халық пен коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктерді қамтамасыз етуге арналған.
Алдағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстарын уақытында әрі сапалы орындауды қамтамасыз ету мақсатында өңірдегі әкімдіктермен бірлесіп ағымдағы жылдың 1 маусымына дейін тұрғын-үй коммуналдық шаруашылықтары мен әлеуметтік сала нысандарының, 1 қыркүйекке дейін білім беру саласы нысандарының, 15 қазанға дейін ТКШ, тұрғын үй, денсаулық сақтау, әлеуметтік сала мен инженерлік инфрақұрылымның барлық саласының жылу маусымына дайындығын қамтамасыз ету туралы жоспар бекітілді. Сонымен қатар бюджеттік мекемелер мен тұрғындарды көмірмен дер кезінде толыққанды қамтамасыз етуге жете назар аударылып отыр.
Сонымен қатар министрлік өңірлік әкімдіктермен бірлесіп электрондық қосымшалар мен сервистерді енгізу жолымен нарықтағы көмір құнын төмендетудің механизмін пысықтауда. Бұл бастама «электронды кезек» арқылы жүзеге асады және кез-келген азамат үшін қолжетімді болмақ. Сонымен қатар көмір бағасының заңсыз өсуіне тосқауыл қою мақсатында монополияға қарсы ведомствоның аумақтық бөлімшелері де тартылмақ.