Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің басшысы Гүлзат Көбенова айтты, деп хабарлайды Jana-kezen.kz
«Аумақтық департаменттер мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарының бейнебақылау жүйесімен және санитарлық-гигиеналық тораптармен қамтамасыз етілуіне мониторинг жұмысын жүргізді. Мемлекет басшысы орта және мектепке дейінгі білім берудің барлық ұйымдарын бейнебақылаумен жүйесімен жабдықтау туралы тапсырма берген болатын. Мониторингпен 7 127 мектепке дейінгі білім беру ұйымы қамтылды. Нәтижесінде бүгінгі күні олардың 20-сында бейнебақылау жүйесінің жоқ екендігі анықталды. Түркістан, Алматы облыстарындағы, Шымкент, Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларындағы жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдардың 507-сінде бейнебақылау жүйесі болмай шықты», – деді Гүлзат Көбенова министрліктің аппарат кеңесінде.
Оның сөзінше, елімізде 6 971 мемлекеттік мектеп бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етіліп, 72 мектепте мұндай жүйе әлі күнге орнатылмаған.
«Іс жүзінде бүгінде бейнебақылау жүйесімен жабдықталған білім беру ұйымдарының үлесі 2018 жылғы 75 пайыздан 99 пайызға дейін жетті. Дегенмен, Ұлттық білім беру деректер қоры (ҰББДҚ) мәліметтермен сәйкессіздіктерге назар аудартқым келеді. ҰББДҚ орта білім берудің небәрі 6 ұйымында ғана бейнебақылау жүйесінің жоқ екендігін көрсеткен. Бұл орайда Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан және Алматы облыстары өз көрсеткштерін дұрыс көрсетпеген», – деді бақылау комитетінің басшысы.