Сарқандағы бес қабатты үйге Абай мен Мұхаметжан Тынышбаевтың муралы салынды
Алматы облысының Сарқан ауданында ұлы Абай және Мұхаметжан Тынышбаевтың муралы салынды, деп хабарлайды Jana-kezen.kz
«Ұлы ақынның туғанына биыл 175 жыл толуына орай барлық өңірде осындай суреттер салып, есімін ұлықтауда. Әлемді өз туындыларымен тәнті еткен Абай атамызға және алғашқы теміржолшы, ұлт мақтанышы, Сарқан ауданының тумасы Мұхаметжан Тынышбаевқа арналған муралы көпқабатты үйлердің бірінде салынды. Қазақтың мақтанышына айнала білген қос ұлы тұлғаның суретін тек әсемдік үшін салып қана қоймай, жастардың өз тарихын, ұлы тұлғаларының есімдерін ұмытпауға тәрбиелеу.
Мұхаметжан Тынышбаев қазақтың көрнекті саяси және қоғам қайраткері, алаш қозғалысының негізін салушылардың бірі, Алаш Орда үкіметінің мүшесі және оның төрағасының орынбасары, тарихшы-ғалым, қазақтан шыққан тұңғыш теміржол инженері», – делінген Сарқан ауданы әкімінің баспасөз қызметінің жариялаған ақпаратта.
Жас ұрпақ санасында Абайдың, Мұхаметжан Тынышбаевтың еңбектері мен шығармалары мәңгі мұра болып қалары анық.
Сарқан қаласында көпқабатты үйдің қабырғасында Хәкім Абайдың және Мұхаметжан Тынышбаевтың портреті «Жетісу адалдық алаңы» жобасы аясында, аудан әкімі Талғат Қанатұлының қолдауымен салынды.